Антибиотик науқастың иммунитетін одан әрі төмендетеді – дәрігер кеңесі

Антибиотик науқастың иммунитетін одан әрі төмендетеді – дәрігер кеңесі

Антибиотиктерді көп мөлшерде және дұрыс қабылдамау бауыр мен бүйрекке кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл жөнінде медицина ғылымдарының докторы Раушан Қарабаева мәлімдеді. Жоғары санатты дәрігер коронавирус індетін жұқтырған науқастар антибиотик қабылдауға асықпауы тиістігін ескертті.  Сонымен бірге, онлайн брифинг барысында маман ауыр инфекцияларда ғана қолданылатын антибиотиктердің де үй емінде пайдаланылып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Оларды тек дәрігердің нұсқауымен ғана қолдану керектігін баса айтты.

«Қазіргі уақытта КВИ жұқтырғандардың еш қадағалаусыз антибиотик қабылдап жатқанын байқадық. Антибиотиктер ағзаның иммундық жауабын қалыптастыруға қажетті ішек микрофлорасын бұзады. Сәйкесінше, пациенттің иммунитеті одан әрі төмендей түседі. Одан бөлек, қажетсіз антибиотикті тағайындау – микроағзаларды бактерияға қарсы заттарға тұрақты және төзімді етеді. Бұл – өте өзекті жаһандық мәселе деуге болады, адам бойында антибиотикті сезбейтін микроағзалар штаммы пайда болады және келешектегі бактериялық инфекцияларды емдеу ісіне ықпал етеді», - деді дәрігер.

Сондай-ақ, мамандар әлеуметтік желілерде таратылатын хабарламаларға сене беруге болмайтынын тағы бір ескертіп өтті. Оның дені көп жағдайда жалған ақпарат болып шығады. Сондықтан тек БАҚ өкілдері жаиялаған ресми мәліметтерге құлақ асқан жөн дейді, дәрігерлер. Мәселен халық арасында коронавирус жаһандық деңгейде таратылған жасанды ауру немесе байланыс желісінің 5G антеннасы індеттің таралуына ықпал етіп, адамның иммундық жүйесіне зиян деген теріс ұғым қалыптасқан. Отандық мамандар әлем халқы  қызу талқылап жатқан осындай жалған ақпараттарға қатысты өз пікірлерін білдірді.

«Иә, бұндай ақпараттардыңың тарағаны рас.  Ол әлеуметтік жауапкершілік мәселесіне  қатысты өзіндік ықпалын тигізді. Бүгінде отбасылардың көбінде ауыру жұқтырған, тіпті ауыр емнен өткен мүшелері бар. Сондықтан бұны өз бастарынан өткерген адамдар бар, өкінішке қарай. Сондықтан осындай жалған ақпараттар өзінің өзектілігін жойды деп ойлаймын. Ондай жағдайда адам өзін қалай ұстауы керек, қандай ем қолдануы тиіс дегендей ресми ақпарат бар. Соған сүйеніп, мамандардың кеңесін негізге алу керек.  Бүгінгі таңда ел хақының дені мұны жақсы түсінеді», - дейді  №5 қалалық емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табулдина.

 

Фото: 24.kz