COVID-19: пандемияның шырқау шегі алда

COVID-19: пандемияның шырқау шегі алда

Коронавирус инфекциясы жедел қарқынмен жер-жаһанды жайлауын жалғастыруда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің болашағына қатысты жағымсыз болжамымен бөлісті. Олардың есебінше, өкінішке қарай пандемия әлі шырқау шегіне жеткен жоқ.  

Мамандардың айтуынша, тіптен індет жаңа қарқын ала бастаған. Бұған статистикалық деректер дәлел.  Тек соңғы күндері әлем бойынша 400 мыңнан астам коронавирус инфекциясының жаңа дерегі тіркелген. ДСҰ Қытайға қауіпті аурудың шығу көзін анықтау мақсатында арнайы мамандар тобын жіберді.

Сонымен қатар ұйым сарапшылары вирустың ауа арқылы таралу фактысын мойындауға мәжбүр болды. Бұған дейін инфекция жөтелген немесе түшкірген кезде ірі тамшылар арқылы жұғады деп есептеліп келген. Ал қазір сарапшылар жүздеген ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижесіне сүйене отырып, вирус ауада тұрып қалған немесе жабық ғимараттарда қалып қоятын ұсақ бөлшектер арқылы да таралатыны туралы хабарлады.

ДСҰ індеттің сипаттамасымен әлек болып жатқанда АҚШ БҰҰ-ға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құрамынан шығатыны туралы ресми хабарлады.

Еске салсақ, жуырда АҚШ президенті ұйым қызметін сынға алып, Америка оның құрамынан біржола шығатынын мәлімдеген еді.

Айта кетейік, АҚШ – ірі донор және атылмыш ұйымның 15 % бюджетін осы ел жауып отырады. Трамптың негізгі уәжі Қытайда таралған инфекция туралы дер кезінде дұрыс ақпараттың таралмауына қатысты болды. Америка басшысының сөзінше ұйым өте сылбыр әрекет етіп, ресми Бейжің тарапынан қысымға төтеп бере алмады.

Ал осы күндері қауіпті індетпен әлемде 11 млн  800 мыңға жуық адам ауырып жатыр. Жұқтыру сатистикасының көш басында Америка Құрама Штаттары тұр. Соңғы деректерге сәйкес, бұл елде 2 996 098 тұрғын КВИ жұқтырған. Екінші орында – Бразилия елі. Мұнда 1 млн 668 мыңнан астам тұрғын коронавирус жұқтырған. Олардың қатарында ел президенті  Жаир Болсонару да бар. Бүгін мемлекет басшысы тапсырған тест оң нәтиже көрсеткен. Президент өзін жақсы сезінеді, алайда дене қызуы 38 градусқа дейін көтерілген.

Үшінші орында – Үндістан. Оңтүстік Азиядағы ыстық мемлекет коронавируспен барынша күресуде. Маусымның соңында оқшаулану режимінен шығудың екінші кезеңі жария етілген болатын. Билік карантинді науқастар саны көбейіп жатқан аймақтарда ғана қалдыруды жөн санаған. Алайда елде тәулігіне он мыңдаған жаңа науқас тіркеледі. Пандемия басталғалы бері Үндістанда 742 мыңнан астам ауырды. 20 мыңнан астам адамды ажал тырнағынан алып қалу мүмкін болмаған.

Джонс Хопкинс университетінің дерегі бойынша, коронавирус бойынша антирейтингті бұдан әрі  Ресей, Перу, Чили, Ұлыбритания, Мексика, Испания мен Иран жалғайды.

 

Фото: rbc.ru