Қазақстанда COVID-19 анықтаудың жаңа әдісі сынақтан өткізіледі

Қазақстанда COVID-19 анықтаудың жаңа әдісі сынақтан өткізіледі

Елімізде COVID-19 анықтауға арналған жаңа әдіс сынақтан өткізіліп жатыр. Жас ғалымдардан құралған топ оның қаншалықты тиімді екенін тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Тыныс алу ізтаңбасы деген анықтама түрі бар. Ол сыртқы саусақтың ізі сияқты ішкі ізді немесе таңбаны сипаттап береді. Біз диагностиканың осы түрі арқылы тест жасай аламыз. Бұл қандай ауру және ол қай дәрежеде деген сұраққа осылайша жауап алуға болады», - деп түсіндірді UATL ғылыми зерттеу университетінің  қызметкері Бахтияр Ажкен.

Бұл тесттен өтпей тұрып арнайы сауалнаманы толтыру қажет. Ол жерде диагностика жасауға қажетті негізгі деректерді енгізеді. Тек содан кейін ғана ғалымдар тобы жұмысына кіріседі. Ол өте ұзақ емес, ары кетсе екі минуттан аспайды.

«Біз бір реттік  мундштук орнатамыз. Бұл жерде ішке алған ауаны сыртқа шығармай ұстап қалатын арнайы мембрана бар. Бұл қорғаныш шарасының бір түрі. Құрылғының ішіндегі  наноесептеуіш түскен деректі жасанды интеллект құрылғысына жібереді. Ал ол бірден нәтижені көрсетіп береді», - дейді ғылыми жобаның авторлары.

Ғалымдардың айтуынша егер барлық процедуралар сақталатын болса келесі айдан бастап халықты жаппай тексере беруге болады.

«ПТР-тесттің сезімталдығы шамамен 95% делінгенімен іс жүзінде ол 75% дейін жетеді. Ал біздің диагностикалау әдісіміз 95% толық сәйкес келеді. Сонымен қатар бұл әдіс жасанды интеллектпен тікелей байланысты болғандықтан оның анықтамасы да дәл шығады. Біз тіпті 99% дәлдікке қол жеткізгіміз келеді. Коронавирустың ізі, егер ол бар болған болса, наносенсерлерден ешқалай құтылмайды», - деп атап өтті Бахтияр Ажкен.

Айта кетейік, тестілеудің жаңа әдісі  Хельсинкидегі зертханада жасалып шықты. Бастапқыда ол диабет диаогнозын қоюда қолданылып, дәлдігімен ерекшеленген. Алайда тәжтажал жаһанды жайлап алған соң құрылғыны коронавирусты анықтауға арнап қайта жасап шыққан. Болашақта бұл әдіс өзге де қатерлі дерттерді, мәселен обырды анықтауға қолданылуы ықтимал.

 

Фото: 24.kz