Қазақстанда медициналық мекемелерді онлайн-бақылау жүйесі енгізілді

Қазақстанда медициналық мекемелерді онлайн-бақылау жүйесі енгізілді

Медициналық ұйымдарды қадағалаудың жаңа форматы пандемия кезінде жалпы күрес шараларын үйлестіруде көмек болмақ. Ауруханалардың жұмысын онлайн-бақылау тәртібі енгізілгені туралы бүгін арнайы брифинг барысында еліміздің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

«Кеше ғана Атыраудағы ауруханаларды онлайн-бақылау жүргізілді. Бұл дегеніміз қазір Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері кез келген өңірдің медициналық ұйымына хабарласып, онлайн байланыспен ұйымды бақылайды. Қызметкерлеріміз шынайы мәселені сұрайды. Қандай кабинетке кіруді де министрлік қызметкерлері айтып отырады. Кеше ғана осындай тәртіппен бірнеше пациентпен сөйлестік. Яғни жұмыстың осындай форматы аз уақыттың ішінде бірнеше аурухана жұмысын тексеруге мүмкіндік берді», - деді Алексей Цой.

Сондай-ақ, министр дәріханаларда халық ішінде үлкен сұранысқа ие препарат түрлерінің тапшылығы мәселесі шешіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, республика аумағына дәрі-дәрмек заттарын әкелу тәртібі жеделдетілді. Бұған қатысты барлық нормативтік құжаттарға қол қойылған.

«Дәрі-дәрмек бүгінде жеңілдетілген тәртіппен қоймалардан бөлшек сауда компанияларға түсе бастады. Алдағы уақытта ол дәрі-дәрмектер дәріханаларға жеткізіледі. Яғни бұған дейінгі кедергіні еңсердік. Қысқа уақыттың ішінде керекті препараттар нарыққа түседі», - деді министр

Сонымен қатар министр Қазақстанның барлық өңірінде дәрі-дәрмек бағасын бақылау жұмысы күшейтілгенін мәлім етті.

«Дәрі-дәрмектің қымбатқа сатылу мәселесіне бей-жай қарамай, әлеуметтік желіде тіркелген фактілерді бөлісіп жатқан азаматтар бар. Олар дәріні алып сататын адамдардың әрекетіне наразылықтарын білдіруде. Қоғамға мұндай заңсыз саудамен күрес қатал жүргізілетіні жетті деген ойдамын. Халықтың денсаулығынан осылай пайда тауып жатқан адамдар жазаланады», - деді Алексей Цой.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: inbusiness.kz