Қазақстанда ПТР-тестілеу мен дәрі-дәрмектің бағасына бақылау бар ма?

Қазақстанда ПТР-тестілеу мен дәрі-дәрмектің бағасына бақылау бар ма?

Елімізде коронавирусты анықтау мақсатында тегін ПТР-тестілеу жүргізуге 14 млрд теңге қаржы бөлінді.

«Белгілі бір сома, тариф медициналық ұйымдарға бағытталады. Емханалар, стационарлар зертханалармен келісімшартқа отырады. Ай сайын аталған тестілер нарыққа түседі. Қазір 14 млрд теңге бөлінді және қажеттілігіне қарай сақтандыру қоры бұл пулды жаңартып отырады. Жарияланған тест саны қаржыландырылып отырады», - деп мәлім етті ҚР Денсаулық сақтау министрі.

Қазақстанда медициналық, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, тіршілікті қамтамасыз етуші мемлекеттік және жеке меншік кәсіпорындардың жұмыскерлері тегін ПТР-тестілеуден өте алады.

Сонымен қатар, еліміздің барлық өңірлерінде дәрі-дәрмекті қымбаттатып сатып жатқандарды анықтау бойынша рейдтер ұйымдастырылды. Алғашқы күні-ақ полицейлер 20-дан аса адамды ұстаған.

«Рейд шаралары өткізілген алғашқы күні полицияға 21 адам жеткізілді, олардан 3500 қорап дәрі тәркіленді, соның ішінде «Ацетилсалицил қышқылы» — 2100 қорап, «Парацетамол» — 589 қорап, «Цефтриаксон» — 230 ампула және басқа да препараттар бар», — делінген ҚР ІІМ хабарламасында.

Сондай-ақ, тексеру барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жеке қорғаныш құралдарын, термометрлер және антисептиктер тәркілеген. Алыпсатарлар дәрі-дәрмектерді ресми бөлшек бағасынан 5-20 есе қымбаттатып сатқан.

«Дәрілік заттарды көп көлемде сатып алған тұлғалар анықталды. Осылайша, олар аталған дәрілердің тапшылығын тудырып, шынайы бағасынан бірнеше есе көтермелеп сатқан. Дәрі-дәрмектерді қымбаттатып сату жағдайлары еліміздің барлық аймақтарында анықталды. Алыпсатарлар дәрілік заттарды жасырып сатып, тіпті фискалдық түбіртек те бермеген. Сатып алушыларда дәріні қымбат бағаға сатып алудан басқа шара қалмаған», делінген хабарламада.

Мұндай жағдайлар Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында анықталған.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және құқық қорғау органдарына дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасының өсуі мәселесін реттеуді, айыптыларды жауапқа тартуды тапсырған болатын.

 

Фото: vlast.kz