Көшпелі мобильді бригадалардың ақылы қызмет құны қанша?

Көшпелі мобильді бригадалардың ақылы қызмет құны қанша?

ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният ОКҚ брифингі барысында көшпелі мобильді бригадалардың ақылы қызмет құнының мөлшерін атады.

«Емханаларда және жедел жәрдем қызметінде мобильді бригадалар құрылады. Олар қазіргі таңда жұмысын бастап кетті. Тарифі әзірленді. Құны – 5400 теңге»,- деді Ажар Ғиният.

Вице-министрдің айтуынша, КВИ немесе ЖРВИ белгісі бар адамдар жедел жәрдем шақырса, мобильді бригадалар дәрігерлермен бірге барып, сол жерде тест алады.

«Бұл бригада бір адамға екі-үш рет келмейді. Өйткені тест бір-ақ рет алынып, КВИ бар ма, жоқ па - анықталып, учаскелік дәрігерге ақпарат беріледі», - деді ол.

Сонымен қатар денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем қызметкерлеріне түсіністікпен қарауға шақырды.

«Жедел жәрдем қызметінің медицина қызметкерлері шақыртулар кезінде жағымсыз эмоциялық жағдайлармен көп кездеседі. Олар өте жоғары физикалық және психикалық жағдайда жұмыс істеп жатыр. Шақыртулар бойынша қызмет көрсету деңгейі бірінші кезекте пациенттердің жағдайының ауырлығына байланысты анықталады. Сондықтан медициналық қызметкерлерге ренжімей, өз кезектеріңізді күткендеріңіз дұрыс», - деп атап өтті вице-министр.

Бүгінгі таңда вице-министрдің айтуынша, жедел жәрдем қызметін шақырту екі есеге артқан. Бұрын жедел жәрдем қызметіне күніне 15 мың шақырту түссе, бүгін ол 30 мыңға жеткен.

 

Фото: almaty.tv