COVID-19: 188 елге тараған инфекциядан кім көп зардап шекті?

COVID-19: 188 елге тараған инфекциядан кім көп зардап шекті?

Әлемде COVID-19 індетін жұқтырғандар саны 11 млн-ға жуықтап қалды. Бүгінгі таңда қаралы тізімде әлі күнге дейін Америка Құрама штаттары көш бастап тұр.

Өткен тәулікте мұнда 53 мыңнан астам COVID-19 дерегі тіркелген. Әсіресе инфекцияның таралуы Техас, Флорида және Калифорния сияқты ірі штаттарда өршіп тұр. Осыған байланысты губернаторлар мұнда карантин шараларын күшейтуде.

Сонымен бірге, сарапшылар инфекцияға шалдыққандар саны әлі де арта түседі деген болжам айтып отыр. Бұған әсіресе, ертең аталып өтетін ұлттық мереке - Тәуелсіздік күні себеп болуы мүмкін.

Бұған дейін АҚШ-тың бас эпидемиологы Энтони Фаучи вирусты ауыздықтаудың алдын ала емі табылмаса, АҚШ-тағы эпидемия ауқымы апатты деңгейге жетуі мүмкін деп ескерткен еді.

 «Біз өзге елдерге қарағанда вирус жұқтыру көрсеткіші және өлім-жітім саны  бойынша ең көп зардап шегіп отырмыз. Қазір біз індеттен туындаған проблемалармен бетпе-бет келіп отырмыз. Өз кезегінде үкімет елді салыстырмалы түрде қалыпты өмір салтына қайта келтіруге тырысуда. Ішінара бизнесті ашуда, дегенмен бұл кейбір штаттарда ауру көрсеткішін күрт өсіріп жіберді»,- деді Фаучи ВВС-ге берген сұхбатында. https://www.bbc.com/

Пандемия басталғалы АҚШ-та Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша 2,7 миллионнан астам коронавирус жағдайы расталған.  Аурудан, 128 740 науқа сқайтыс болды.

Коронавирус анықталған 188 елдің ішінде Бразилия екінші орында тұр. Мұнда қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға қарамастан ел басшылығы экономиканы қалпына келтіру бойынша іс-шараны қолға алуда. Алайда, көптеген сарапшылар президент Жаир Болсонарудың қабылдаған шешімдерін сынға алады. Олардың пікірі бойынша, алдымен экономиканы шегере тұрып, елдегі жайылған індетті бақылауға алу керек еді.

Айта  кетейік, елде инфекцияға шалдыққандар саны 1,5 млн жуықтап қалды. 61 884 науқас вирус құрбаны атанды.

Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген вирустан әсіресе қақтығыс аймағындағы адамдар қатты зардап шегіп отыр. Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Таяу Шығыс елдері коронавирусқа қарсы күресте барлық мүмкіндіктерін жоғалтып алғандарын айтқан еді. ДДСҰ сарапшыларының айтуынша, Сирия мен Йемен сияқты елдерде дәрігерлер аурудың таралуын бақылауға ала алмай отыр.

Осыған байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі әлемдегі барлық қарама-қайшылықты тараптарды COVID-19 одан әрі таралуына жол бермеу үшін үш ай мерзімге атысты тоқтатуды жариялауға шақыратын қарар қабылдады.

 

Фото: dw.com