Қазақстанда дәрігер кеңесін онлайн алу үшін не істеу керек?

Қазақстанда дәрігер кеңесін онлайн алу үшін не істеу керек?

Қазақстандықтар үйлерінен шықпай-ақ білікті маман кеңесіне жүгіне алады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде телемедицина сервисі іске қосылды.

Платформа пациент пен дәрігерге чат, аудио-, бейне- және файлалмасу арқылы байланысуға мүмкіндік береді. Кеңесті пациент тіркеуде тұрған емдеу мекемесінің дәрігерлері береді. Бұл қызмет түрі «электронды үкімет» сайтында қарастырылған. Азаматтарды қабылдау кезекпен жүргізіледі және оларға терапевттен өзге, гинеколог, кардиолог, эндокринолог және т.б. тар бейінді мамандар да қызмет көрсетеді.

Онлайн-консультация алу үшін пациент:

iDoctor.kz сайтында «Онлайн-консультация» бөліміне өту қажет;

«Тегін консультация» айдарын таңдайды;

Қазақстан Республикасының азаматы екенін және тегін онлайн-консультация ала алатынын қуаттау үшін өзінің ЖСН, телефон номерін және электрондық поштасын жазу керек;

ұсынылған тізімнен қажет дәрігерді таңдайды;

қабылдауға жазылғанын қуаттайды және кезекке тұрады;

дәрігер дайын болғанда пайдаланушыға SMS-хабарлама және электронлық поштасына хат келеді, онда онлайн-консультацияға сілтеме жазылады.

дәрігер кеңесін алған соң оны бағалау және маман туралы пікір қалдыру мүмкіндігі қарастырылған.

Егер адам Кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізбесі шеңберінде медициналық мекемеге тіркелуді қаламаса немесе ҚР азаматы болмаса, ол ақылы кеңес ала алады.

Пилоттық жоба Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкенттегі үш медициналық мекеменің базасында іске қосылған. Тестілеуден кейін өзге қалалар да қосылады.

Тұрғындарға қашықтықтан кеңес беру қызметі Атырау облысында да іске қосылған, мұнда арнайы Колл-центр жұмыс істейді. Коронавирустың жеңіл түріне және вирустық инфекцияларға шалдыққан науқастарға үйден емделуге қатысты  білікті дәрігер мамандар кеңестер береді. Тұрғындар 103, 109 және 112 байланыс  нөмірлеріне хабарласып  үй жағдайында қалай емделу қажеттігі, оқшаулану тәртібі, қанша мезгілде, қандай дәрі-дәрмектерді қабылдау керектігі жайлы толық ақпарат ала алады. Операторлар қоңырау шалған азаматтарды  дәрігерлермен автоматты түрде байланысқа шығарады.

«Қазіргі уақытта  call-орталыққа 28 жалпы тәжірибелік дәрігер тартылды.  Олар коронавирус инфекциясын, ЖРВИ мен пневмонияны емдеу алгоритміне сәйкес  консультативтік көмек көрсетеді. Дәрігерлердің кеңесі арқылы тұрғындар үй жағдайында қандай ем қабылдаулары  қажет екенін білетін болады.  Бұл  жедел жәрдем жұмысын жеңілдетуге септігін тигізеді», - дейді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.

 

Фото: expertonline.kz