Парацетамол дәріханаларда бар: жақын күндері сұранысқа ие дәрі-дәрмек түрлері сатылымға шығады

Парацетамол дәріханаларда бар: жақын күндері сұранысқа ие дәрі-дәрмек түрлері сатылымға шығады

Елдегі дәріханаларда халық ішінде үлкен сұранысқа ие дәрі-дәрмек түрлері қашан әкелінеді? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова жауап берді. Кейбір препаратты халық жаппай сатып алып жатыр. Негізгісі ыстық түсіретін – парацетамол. Дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмек қазіргі уақытта Қарағанды облысындағы, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы дәріханаларда қолжетімді. Алдағы екі-үш күннің ішінде аймақтарға да таратылатын болады. Вице-министр сонымен бірге дәріханаларға вирусқа қарсы препараттар да жетпей жатқанын айтып өтті. Ол препараттар да жақын арада өңірлерге жеткізілмек.

«Бүгінде «Ингавирин» препаратының 70 мың қаптамасы сатып алынды. Оны осы аптаның ішінде Қазақстанға әкеледі. Сонымен қатар, «Тамифлю» препаратының 49 мың қаптамасын сатып алдық. Ол да аптаның аяғына дейін дәріханаларға түседі», - дейді вице-министр.

Людмила Бюрабекова сонымен бірге коронавирус белгілері анықталған жағдайда азаматтарды дәрігер нұсқауынсыз өз бетінше емделмеуге шақырды. Ол бактерияға қарсы препараттар вирусты инфекцияны емдеуге қолданылмайтынын ескертті.

«Бекітілген ем-дом хаттамасына сәйкес бактерияға қарсы препараттар стационарларда жатқан науқастарға ғана беріледі. Яғни бактериалды инфекция анықталып, пневмония расталған жағдайда ғана қолданылады», - деді Людмила Бюрабекова

Сондай-ақ вице-министр дәрі-дәрмекті шекті бағадан асыра сатқандарға жаза барын, ондайларға әкімшілік айыппұл салынатынын ескертті.

«Денсаулық сақтау вице-министрлігінде бағаны бақылау құзіреті бар. Бөлшекті түрде сату кезіндегі шекті бағаны белгілеу барысында бізде нақты талап бар. Маржа көлемі де реттеліп отырады. Сол себепті дәріханаларда сатылып жатқан дәрі-дәрмек қатаң бақылауда», - деді вице-министр.

 

Фото: rg.ru