Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда 4 апталық қатаң карантин енгізуді ұсынды

Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда 4 апталық қатаң карантин енгізуді ұсынды

Қазақстанда бір айлық қатаң карантин енгізу қажет. Бұл жөнінде арнайы брифинг барысында еліміздің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Оның сөзінше, карантин енгізілмесе елде тамыздың аяғында күніне 27 мың адам вирус жұқтырып, ауруханаға жатқызылады. Ал екі апта карантин енгізсе, тамыздың соңына таман күніне 8 мың дерек тіркеледі. Бір айлық төтенше жағдай енгізілген жағдайда тамыздың аяғына таман күніне вирус жұқтырған 2,5 мың адам ауруханаға түсуі ықтимал.

«Кейінгі айларда медициналық ұйымдар күшейтілген режимде жұмыс жүргізуде. Медициналық қызметкерлер инфекция жұқтырған адамдарды емдеп, олармен үнемі қарым-қатынаста жүр. Сол себепті олар да ауырып жатыр. Бұл – кадрлық жетіспеушілік мәселесін күрделендіруде. Бірақ ресурс жеткілікті. Біз оны да еңсеріп келеміз. Үкіметтік шаралардың жаңа пакеті жағдайды тұрақтандырады», - деді министр.

Қазіргі уақытта жағдай инфекцияның үйде таралу деңгейіне өтіп кетті. Вирус ел ішінде өршіп тұр. Әр отбасы осынау қиындықпен бетпе-бет келіп отыр.  Оны тежеу үшін қатаң карантин бойынша түпкілікті шешім жақында қабылданады деді, А0лексей Цой.

Сондай-ақ салалық ведомства басшысы COVID-19 ауруының клиникалық белгілері бар, бірақ ПТР нәтижесі теріс пневмония жағдайларының едәуір өскені байқалатынын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі таңда отандық ғалымдар вакцина қолдану үшін вирусты жан-жақты зерттеп жатыр. Оның нәтижелері алдағы шілде айының 3 күні  белгілі болмақ.

Денсаулық министрінің берген мәліметіне сай Қазақстан жақын арада 1,2 миллион ПЦР тест сатып алады. Отандық өндірушілер дене қызуын түсіретін препараттардың ірі партиясын жеткізді.

«Ингаверин мен тамифлю жеткілікті қоры жеткізілді. Олар алдағы уақытта қоймаларға жеткізіліп, аймақтарға таралады. Мұндай препараттар ем-дом хаттамасына сәйкес амбулаториялық деңгейде ковидті емдеуге қолданылмайтынын атап өткім келеді», - деді Алексей Цой.

Қазақстанда коронавирус инфекциясынан көз жұмған адамдарды жерлеу ережесі де өзгертілді. Бұдан былай қатерлі дерттен қайтыс болған адамды санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, кез келген зиратқа жерлеуге болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: zakon.kz