Әлемде COVID-19 індетінен қайтыс болғандар саны 500 мыңнан асты

Әлемде COVID-19 індетінен қайтыс болғандар саны 500 мыңнан асты
Коронавирустың адам ағзасына таралуға мүмкіндік беретін сезгіш «қармауыштары» болады. Мұны АҚШ-тағы Калифорния университетінің ғалымдары анықтады. Мамандардың айтуынша, вирустың осы қатерлі «қармауыштары» жасуша қабыршағын тесіп, аурудың көбеюіне жол ашады. Ал, дертке шалдыққан ағза коронавирустың барлық нұсқауларын орындауға көшетін көрінеді. Осыған байланысты ғалымдар «коронавирусты емдеуде обыр ауруын емдеу үшін қолданатын дәрілерді пайдалануға болар» деген болжам жасап отыр.

Айта кетейік, Дүниежүзін жайлаған пандемия әлі де ел үрейін ұшырып тұр. Джонс Хопкинс университетінің мәліметіне сәйкес, әлемде коронавирустан қайтыс болғандардың саны 502 мыңға жуықтап қалды. Адам шығыны АҚШ, Бразилия мен Ұлыбританияда көп тіркелген. Құрама штаттарында 125 мың 800-ден астам адам көз жұмса, Бразилияда марқұмдардың саны 57 мың 600-ден  асты, ал Біріккен Корольдікте 43 мың 600-ден астам науқас вирус құрбаны болды.

Бүгінгі таңда коронавирус жұқтырғандар саны 10 млн 147 мыңнан асты. АҚШ деректер бойынша көш басында. Одан кейін Бразилия, Ресей мен Үндістан тұр. Ал, індеттен құлан таза айығып шыққандардың қатары 5 млн 140 мыңнан асты.

Бүгінгі таңда індет ошағы болып тұрған АҚШ-та коронавирус дес бермей тұр. Елде күніне 40 мың адамнан инфекция анықталады. Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, пандемия басталғалы Құрама Штаттарда 2,5 миллионнан астам адам вирус жұқтырған. Соңғы күндері 36 штатта науқастар саны күрт артқан. Әсіресе, елдің оңтүстігі мен батысында эпидемиологиялық ахуал қиын. Флоридада бір күнде 9 мыңдай адамда COVID-19 диагнозы расталды. Кей сарапшылар «бұл штат індеттің жаңа ошағына айналуы мүмкін» дейді. АҚШ-тың бас эпидемиологының айтуынша, карантин режимінің босаңсуы кеселдің көптеп анықталуына себеп болып отыр. Ал, Флорида штатының губернаторы Рональд Десантис «індеттің қайта өршуіне басқа себеп бар» дейді.

«Менің ойымша, науқастар санының артуы карантин талаптарының жеңілдетілумен ғана байланысты емес. Бұған тек кәсіпорындар мен бизнес объектілерінің ашылуы себеп болған жоқ. Қазір инфекция анықталғандар арасында 18-44 жас аралығындағы тұрғындар көп. Яғни, эпидемия жастар арасында тез тарап барады. Сондықтан адам көп жиналатын қоғамдық орындарға бармаған абзал», -дейді ол.

Ал, көрші Ресей Федерациясында коронавирус пандемиясы басталғалы шамамен індетті анықтайтын 20 миллионға жуық тест жасалды. Бұл туралы  Тұтынушылардың құқығын қорғау және адамның әл-ауқатын бақылау федералды қызметі мәлімдеді. Енді елдің бірнеше қалаларында осы ауруға қарсы антиденелерді анықтайтын тест өткізіліп жатыр. «Бұл аймақта ұжымдық иммунитеттің қаншалықты қалыптасып жатқанын анықтау үшін қолға алынған шара», - дейді сарапшылар. Яғни, тесттің бұл түрі адамның денсаулық жағдайын анықтамайды. Тек адам ағзасында дертке қарсы иммунитеттің қалыптасқанын  ғана көрсетеді.

Айта кетейік, қазір Ресейде 300 мыңнан астам адам дәрігерлердің жіті бақылауында ем қабылдап жатыр. Соңғы тәуліктің ішінде елде науқастардың қатары тағы 7 мыңға көбейді.  Ал жалпы қауіпті індетке 633 мыңнан астам адам шалдыққан. 9 мыңнан астам тұрғын вирус құрбаны болды.

Пандемия тұралатқан туризм саласы еңсесін қалай көтереді?

Барлығымызға белгілі туризм индустриясы - экономикалық өсудің маңызды драйверлерінің бірі. Бүгінгі таңда вирус салдарынан Мысыр елі де туризм саласында шығынға ұшырады. Коронавирустың кесірінен ай сайын мемлекет қазынасы туризмнен түсетін миллиардтаған доллардан қағылып отырды. Сарапшылар егер эпидемия күзге дейін созылса, жалпыұлттық дағдарыс болады деген үрейлі болжамдар жасады. Сондықтан дертті жұқтырғандардың саны сәл төмендеген тұста Мысыр басшысы қонақүйлер мен жағажайларды ашуды тапсырды. Осыған орай елде 1 шілдеден бастап туристерді тек Қызыл теңіз жағалауындағы қонақ үйлер ғана қабылдай бастайды. Алғашқы уақытта қонақүйлер тек 70% ғана келішлерді қабылдайды.  Егер курорттар ашылған соң індет таралып кетпесе, Мысырдың өзге де жағажайлары қонақтарды қабылдай бастайды.

«Біз қонақтарымыздың біреуі вирусты алып келетінін не осы жерде жұқтырып алу қаупін жоққа шығармаймыз. Бұл жағдайда біз бірқатар ұсыныстар әзірледік. Індет анықталған жағдайда туристке Мысырда құрылған COVID-19-пен күрес қорының есебінен дәрі-дәрмектер мен қажетті емдеу ұсынылады. Алайда қазірдің өзінде курорттарда жағдай қатаң бақылауда тұр. Шарм-эль-Шейх, Хургада және Мерс-Матрух курорттары «таза аймақ» деп жарияланды», - деді қонақ үйлер желісінің аға менеджері Әли Шаири.

Коронавирус Испанияның туризм саласына көп өзгеріс әкелді. Індет саяхатшылардың демалыс бағыттарын таңдауға да әсер еткен. Елде таулы жерлерде таза ауада демалуды қалайтын саяхатшылар қарасы көбейді. Жергілікті туроператорлардың бірі жаңа сұранысты ескеріп, Ронда тауының баурайында қарбыз мен саңырауқұлаққа ұқсас демалыс орындарын ашқан. Кәсіп иесінің айтуынша, табиғатта демалуды қалайтындар күн санап артып келеді.
 
Дегенмен, барлық елде басты талап – ұшақтың трапынан бастап, қонақүй табалдырығына дейін туристердің эпидемиологиялық қауіпсіздігін қатаң қадағалау қажет.
 
 
Фото:  pnp.ru

×