Сәуле Қисықова: Науқастардың саны үш есеге дейін өсті

Сәуле Қисықова: Науқастардың саны үш есеге дейін өсті

Елордада ауруханаға түскен науқастардың саны өткен аптамен салыстырғанда 3 есеге дейін өсті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова ОКҚ брифингі барысында мәлімдеді.

«Күніне коронавирус инфекциясы және пневмониямен 350-400-ге жуық адам ауруханаға жатқызылады. Жұқпалы аурулар және провизорлық ауруханаларда адамдардың саны бүгінде 2,5 мыңға дейін өсіп отыр. Оның 91 пайызы орташа ауырлық дәрежесінде, 9 пайызы ауыр және өте ауыр. Олар жедел реанимация бөліміне бірден түседі», - деді Сәуле Қисықова.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, осы тәулікте реанимация бөлімінде 103 адам жатыр, оның 51-і коронавирус инфекциясы болса, соның ішінде 22 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

«Пневмониямен ауыратын науқастардың саны тәулігіне 600 жағдайға дейін өсті. Бұрын 80 жағдайға дейін болатын. Аптасына 8,5 есеге дейін жоғарылауы байқалып отыр. 12 маусымнан бастап, Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық ұйымдардың төсек орны қорын қайта құруға байланысты жұқпалы және провизорлық ауруханалардағы төсек орны саны 1351 орынға ұлғайтылды», - деді ол.

Тек соңғы үш күнде қосымша 830 төсек дайындалған. Оның ішінде бүгін Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың базасында тағы 200 инфекциялық төсек дайындалады. Жалпы бүгінгі таңда коронавирус инфекциясымен күресуге 3 135 төсек орындық 12 денсаулық сақтау ұйымы жұмылдырылып отыр. Қазіргі уақытта жұқпалы және провизорлық ауруханаларда жұмыс жүктемесі 79% құраған.

Сонымен қатар брифинг барысында Сәуле Қисықова Нұр-Сұлтан қаласында жедел жәрдем қызметіне жүктеме артқанын да айтты.  Бүгінгі таңда аптасына тұрғындардан 28 мың өтініш келіп түскен. Соңғы тәулікте бұл көрсеткіш 4,5 мыңға дейін өскен. Қызмет көрсетілген шақырулардың саны 18 мыңға жуықтаған.

«Ал кеше, тіпті, 2,8 мың шақырту болған. Ал оның ішінде аптасына коронавирус індетіне байланысты төрт мың төрт жүзден аса қоңырау шалынды. Кеше 1300 шақырту болды»,- деді Сәуле Қисықова Орталық коммуникациялар қызметінде.

Ведомство басшысының айтуынша, бүгінгі таңда жедел жәрдем базасында аумақтық емханалардың орта медициналық қызметкерлерінің байланыс орталығы ұйымдастырылды. Онда күн сайын орта есеппен 500-ге дейін қоңырау шалынады.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: elorda.info