КВИ эпидемиясы жағдайында жедел жәрдем қызметі

КВИ эпидемиясы жағдайында жедел жәрдем қызметі

Айдың басынан бері елордалық «103» қызметіне хабарласу 4 есеге артты. Орташа есеппен алғанда, тәулігіне жедел медициналық көмек бригадасының пультіне 4 мыңға дейін қоңырау түседі. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласының қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры Мұрат Оразбаев мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта желіде 118-ден астам көшпелі бригада жұмыс істейді. Олардың барлығы қауіпсіздік және жеке қорғану құралдарымен 100 пайыз қамтамасыз етілген. 103 желісіне түсетін қоңыраулар саны артқандықтан, 103  диспетчерлік қосымша қоңырау қабылдайтын пульттер ашылды, сондай-ақ коронавирустық инфекция мәселелері бойынша халықтың жүгінуі үшін арнайы байланыс орталығы ұйымдастырылды»,- деп атап өтті ол.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бақтияр Жүсіповтың айтуынша, Covid-19 індетін жұқтырды деген күмәнмен 103-ке хабарласушылардың саны 50 мыңнан асқан. Олардың 70 пайызы ауруханаға жатқызылды.

«Бізде бекітілген алгоритм бар. Алгоритмге сәйкес, қауіп-қатер фактілері жеңіл адамдарды үйде, емхананың учаскелік дәрігерлерінің бақылауында қалдырдық. Ондай емделушілер ауруханаға жатқызылған жоқ. Кейбір жағдайларда тіпті коронавирустық инфекцияның белгілері анықталмаған деректер де тіркелді», - деді Жүсіпов.

Бүгінде маусымның 1-нен есептегенде, Нұр-Сұлтанда коронавирустық инфекцияға байланысты 2623 шақырту қоңырауы тіркелген. Олардың жартысы ауруханаға жатқызылды.  Қалған науқастар болса учаскелік дәрігердің бақылауында болып, үйге жіберілді.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

 

Фото: baigenews.kz