Вакцина табу жолындағы жарыс: әзірлеушілер сынақ кезеңінде

Вакцина табу жолындағы жарыс: әзірлеушілер сынақ кезеңінде

COVID-19 вирусына қарсы вакцина жасаумен әлемнің 150 мемлекеті айналысуда. Алайда соның 10-ы ғана еріктілерге сынақ жүргізу кезеңіне жеткен.

Еске салсақ, вакцина мақұлдануы үшін бірнеше зерттеу кезеңінен өтуі тиіс: клиникаға дейінгі (пробиркада және жануарларға сынақ), еріктілерге сынаудың үш кезеңі – қауіпсіздігін тексеру, дозасын анықтау және тиімділігін зерттеу.

Әзірлеушілердің арасында Англия, Франция, АҚШ, Израиль және Қытай елдерінің белгілі фармкомпаниялары, ғылыми зертханалары және университеттері бар. ҚХР мемлекеттік биотехнологиялық корпорациясы өкілдерінің айтуынша, олар жасаған вакцина әрі тиімді, әрі қауіпсіз. Сынақтың екінші кезеңіне жеткенде мамандар осындай қорытынды жасаған. Жасы 18-59 аралығындағы 1120 еріктінің ешқайсысында қосалқы реакция байқалмаған және бәрінде антиденелер пайда болған.

«Бұл клиникалық сынақ кезеңіне жеткен әлемдегі жалғыз инактивирленген вакцина, ол антиденелерді түзу бойынша тиімділігін және қауіпсіздігін көрсетіп үлгерді. Енді сынақтың үшінші кезеңін науқастар саны көп елдерде жүргізетін боламыз. Вакцинаның қаншалықты қорғайтынын анықтау үшін оны адамдарға егу қажет», - дейді Уханьдағы биопрепараттарды зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Шэнь Шо.

Қазір Қытайда клиникалық сынақ кезеңіне жеткізілген бес вакцина бар. Оларды жасауда мамандар түрлі әдістемелерді пайдалануда. Вакцина барынша әлсіреген вирустың базасында, ферменттер мен ақуыздардың түрлі жағдайларына арналған және нуклеин қышқылдарының негізінде әзірленуде.

Қазақстандық ғалымдар вакцинаның адамға сынағын қыркүйек айында бастауды жоспарлап отыр

Қазақстандық ғалымдар 15 мамырдан бері кандидат инактивирленген препараттың клиникаға дейінгі сынағын жүргізуде.

«Бүгінде үш платформада коронавирус инфекциясына қарсы бес вакцина әзірленіп жатыр. Бірінші инактивирленген вакцина – вирус химиялық заттардың әсерімен жойылды. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы әзірлеу хаттамасын тексеріп, 15 мамырда өз тізіміне енгізді», – деп мәлім етті ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, алдымен вакцина гендері ұқсас тышқандармен будандастыру арқылы көбейтілетін тышқандарға сыналған.

«2020 жылдың маусым-шілде айларында вакцинаның өткір уыттылығы тышқандар мен егеуқұйрықтарға егіліп тексерілсе, ал иммунногенділігі күзендер мен сириялық сары алақоржындар арқылы тексеріледі. Шілде-тамызда зерттеулер приматтарға көшеді, ал 2020 жылдың қыркүйегінде кликникалық сынаққа шығу жоспарланған», - деп мәлім етті министр.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымын не алаңдатады?

Жақында ДДҰ өкілдері әлемде үш вакцина клиникалық тест кезеңінде сыналып жатқанын хабарлады.

«Біз вакцина сынағының үшінші кезеңіне кірістік, ол аяқталғанда препараттың қаншалықты тиімді әрі қауіпсіз екенін нақты айтуға болады. Бірнеше кандидат-вакцинаның болуы жағымды жағдай. Егер оның бірі сынақтан сәтті өтсе, 2020 жылдың соңында нарыққа бірнеше миллион дозасы шығарылады. Ал 2021 жылы ол көрсеткіш миллиардтарға жетеді», - дейді ДДҰ жетекші ғылыми қызметкері Сумья Сваминатан.

Осы жерде туындайтын мәселе: мұқтаж адамдардың барлығына екпе жасау үшін не істеу қажет?

«Бұған біз барлық елдердің күш-жігерін біріктіру арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Мысалы, жыл соңында елу немесе жүз миллион доза қолымызда болады деп елестетіп көрейік. Оны қалай таратамыз? Вакцинаны әзірлеуге қаржы бөлген мемлекеттер тек өз азаматтарына ғана екпе жасай бастаса, әділ бола ма?», - деп ойға шақырады ДДҰ өкілі.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

 

Фото: rus.ozodi.org