Қазақстанда COVID-19 анықтау мақсатында 1 миллионнан астам тест жасалды

Қазақстанда COVID-19 анықтау мақсатында 1 миллионнан астам тест жасалды

Қазақстанда бір тәуліктегі тестілеу қуатын  35  мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 28 мыңды құрайды. Жалпы осы күнге дейін коронавирустық инфекцияға 1 271 471 тест жүргізілген.  Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева мәлімдеді. Қазіргі уақытта тестілеу эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша, профилактикалық мақсатта және эпидемиологиялық қадағалау аясында жүргізіледі. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес зертханалық тексеруге: науқастар мен вирус тасымалдаушылар, ЖРВИ, тұмау, пневмониямен ауыратын науқастар, науқастармен байланыста болған адамдар, стационарлар мен медициналық-әлеуметтік мекемелерге жатқызылған адамдар, медицина қызметкерлері, әскерге шақырылушылар, ҚР аумағына келетін адамдар жатады.

«Қазақстанда 1 КВИ жағдайына 78 тесттен келеді. Бұл Ресей, АҚШ, Италия, Канада, Аустриядағы тестілеу деңгейінен жоғары, 100 мың тұрғынға шаққанда тест саны 6824-ті құрайды», - деді ол.

Сондай-ақ, Қазақстан түрік және қытай серіктестерімен бірге өкпені жасанды желдету аппараттарын шығаруды қолға алмақ. Бұл жайында Үкімет отырысында сөз алған индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты.

«Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, 6 айда өкпені жасанды желдету аппараттарына қажеттілік 132 дананы құрайды. Бүгінде 380 бірлік өкпені жасанды желдету аппараты шығарылды. Оның ішінде 164 бірлік жөнелтуге дайын, 216 бірлік зауыт сынақтарынан өтуде. Қалған 200 бірлік осы ылдың шілде айының соңына дейін тапсырылады. Стационарлық аппараттарды қосымша шығару мақсатында түрік және қытай серіктестерімен өндірісті игеру жүргізілуде», - деді министр.

Оның атап өтуінше, «БАРК Технолоджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазақстандық жоғары технологиялық жоба әзірлеуде. Осы жылдың шілде айының соңына дейін компания өз әзірлемелерін аяқтайды және ақысыз негізде еліміздің денсаулық сақтау министрлігіне тестілеу үшін 20 аппарат береді. Қалған 112 бірлік осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында шығарылады. Сондай-ақ, бүгінгі таңда елімізде медициналық жеке қорғаныс заттарымен қамтуға басымдық беріліп отыр. Бейбіт Атамқұловтың мәлімдеуінше  осы жылдың соңына дейін қорғану костюмдерін шығаратын 3 кәсіпорын іске қосылады.

«6 айға қорғану костюмдерінің қажеттілігі 1,3 млн дананы құрайды Өндіріс көлемін арттыру үшін осы жылдың соңына дейін 3 жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. Бұл шаралардың барлығы қорғану костюмдерін өндіру көлемін айына 800 мың данаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Медициналық қолғаптарға қажеттілік 83,7 млн жұп қолғапты құрайды. Қазіргі уақытта екі кәсіпорын тәулігіне 330 мың жұп қолғап шығарады. Әрі қарай біз өндіріс көлемін тәулігіне 460 мың жұпқа дейін арттыруды жоспарлап отырмыз», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Ал білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда биологиялық қауіпсіздік және биотехнологиялар саласы бойынша ғылыми-зерттеулер жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді. Осы мәселемен 12 ғылыми ұйым айналысады. Онда 4,5 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Осы ретте министр еліміздің 2 ғылыми мекемесіне қысқаша тоқталып өтті. Оның бірі - Ұлттық биотехнология орталығы. Сертификатталған 25 ғылыми зертханасы бар орталықта білікті қызметкерлер жұмыс жасайды.

«Пандемияның басында тест жүйелері елімізге жеткізілмей тұрғанда осы ұйымның ғалымдары небәрі 6 күннің ішінде SARS-CoV-2 коронавирустың тірі штампынсыз жасанды синтез арқылы жаңа коронавирустың бар-жоғын анықтайтын сенімді ПТР-тест жүйесін әзірледі. Соның арқасында індеттің бірінші күндері осы тестілеу жүйесімен жалпы диагностика іске асырылды. Денсаулық сақтау миинистрлігінің тапсырмасымен орталық қазіргі уақытта 11 ПТР-тест жүйесін әзірлеп берді», - деді Асхат Аймағамбетов.

Министр тоқталған енді бір мекеме Биотехнологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми-зерттеу институты.1958 жылы ашылған институттағы 13 зертханада қауіпті инфекциялармен жұмыс істейтін  жетекші ғалымдар топтастырылған.

«Институт аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакциналарды әзірлеу бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келісімшарт жасасқан және жұмыс атқарады. Институт зерттеулері негізінен медицина мен ауыл шаруашылығына арналған вакциналардың жаңа түрлерін әзірлеуге, иммунды-биологиялық препараттарды өндіруге, қауіпті және аса қауіпті ауруларды диагностикалау бойынша тест жүйелерін әзірлеуге бағытталған», - деді министр.

 

Фото: hightech.fm