ДДҰ: COVID-19 вирусымен күрестегі ғылыми серпіліс және маска кию туралы

ДДҰ: COVID-19 вирусымен күрестегі ғылыми серпіліс және маска кию туралы

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Ұлыбританияда дексаметазон стероидін коронавирусқа қарсы қолдану бойынша клиникалық сынақтың нәтижелерін «ғылыми серпіліс» деп атады.

Оксфордта жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында анықталғандай, асқынуға қарсы дексаметазон препараты өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған науқастардың өлім қаупін 35 пайызға, ал оттегімен қамтылатын науқастар арасындағы өлім қаупін 20 пайызға төмендетеді. Аталған дәрінің Ұлыбританиядағы бағасы бес фунт стерлинг шамасында. Сейсенбі күні ел үкіметі дексаметазонды COVID-19-ға қарсы қолдануға рұқсат берді.

«Бұл өкпені жасанды желдетуді немесе оттегімен емдеуді қажет ететін коронавирусқа шалдыққан пациенттердің арасындағы өлім-жітім көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік берген алғашқы препарат», - деп мәлім етті ұйымның бас директоры.

ДДҰ-ның хабарлауынша, Ұлыбританиялық мамандар зерттеу жұмыстарының алдын ала нәтижелері бойынша есебін ұйымға ұсынған.

«Оның егжей-тегжей талдауын асыға күтіп отырмыз», - деп хабарлайды ұйым өкілдері.

ДДҰ маска киюге қатысты шешімді неге өзгертті?

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы маска кию бойынша берген кеңестерін өзгертті. Ұйым басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус бетпердені әсіресе қоғамдық көлік пен дүкендерде міндетті түрде киіп жүруге шақырды.

Бұған дейін ДДҰ масканы тек COVID-19 науқастарына ғана киюге кеңес берген. Бұл туралы ұйымның үстіміздегі жылдың 6 сәуірінде жариялаған нұсқаулығында айтылған. Онда аурудың респираторлық белгілері жоқ адамдарға халық көп жүретін орындарға бармау, қауіпсіз қашықтықты сақтау, қолдарын жуып жүру, бетке қол тигізбеу, түшкіріп-жөтелген кезде ауызды жабу сынды кеңестер берілген.

Пандемия енді басталған сәтте инфекция туралы ақпарат аз болғандықтан, осындай шараларды ұстану жеткілікті деп саналды. Ал жаңа ғылыми мәліметтер оларды өзгертуге итермелеп отыр. 1 маусымда Lancet ғылыми басылымында масканы пайдалануға қатысты зерттеулерге жасалған шолу жарияланды. Авторлар симптомсыз науқастар басқаларға ауру жұқтыруы мүмкін екенін анықтаған.

Ұйымның жаңа кеңестері бойынша, вирустан тиімді қорғау үшін маска үш қабатты матадан тігілуі тиіс.

 «Анықталған жағдайларға байланысты ДДҰ вирустың таралу қаупі жоғары орындарда, қоғамдық көлік немесе дүкен ішінде және халық көп жүретін басқа да орындарда адамдарға маска киіп жүруге кеңес беріледі», – деп мәлім етті ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.

 

Фото: eadaily.com