Міндетті екпе: қақ жарылған пікірлер

Міндетті екпе: қақ жарылған пікірлер

Қазақстандағы ең даулы әрі көп талқыланатын тақырып: міндетті екпе. Бала денсаулығына алаңдаған ата-аналар екпенің зиян екендігін алға тартып, түрлі ауытқуларға әкеледі десе, Денсаулық сақтау саласының өкілдері инфекциялық аурулардан қорғанудың тиімді әдісі дейді.

Бүгін елордада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның бастамасымен міндетті екпе тақырыбы бойынша ашық онлайн конференция өтті. Шараға Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова, еліміздің белді дәрігерлері, сарапшылар және ерікті аналар қатысты.

Жиын барысында екіге жарылған пікірлерге ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы  мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Арнұр Нұртаев  жауап қатты.

«Мен сарапшыларға жауап бергім келеді. Бұл жерде ең маңыздысы – вакцинадағы формальдегидтердің саны соншалықты аз, сіз вакцинадан гөрі сумен немесе азық-түлікпен зиянын көп аласыз. Көптеген белді орталықтар өз зерттеулерін үнемі жүргізіп отырады және орталықтардың зерттеулері бойынша, вакцина мүлдем қауіпсіз. Қазақстанда бақылау жүйесінің сапасы нашар деген сөздерге қаамастан»,- деді ол.

Айта кетейік, Арнұр Нұртаевтың сөзінше, отандық зертханалар Еуропалық сапа стандарттарына сай келеді.

«Біз Еуропада вакциналарға қойылатын сапа стандарттары бойынша тексереміз. Біз барлық адъюванттардың, формальдегидтердің және басқалардың санын есептейміз және олардың саны аз екенін растаймыз», - деп қорытындылады спикер.

Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова сөзінше, вакциналау -  инфекциялық аурулардан қорғанудың тиімді әдісі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, екпе жасау жыл сайын 3 млн-нан астам адамның өмірін қорғайды.

Ал қазіргі екпенің сапасы бұрынғылардан төмен еместігін Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық Кеңесінің төрағасы Надежда Петухова мәлімдеді. Ол бүгінгі таңда вакцинацияның маңызын түсіну алғышарт екенін атап өтті.

«Егер біз қазір вакцинацияның маңыздылығын түсінбейтін болсақ,  коронавирус пандемиясын көріп отырған шақта, естен шығып кеткен, ұмыт болған инфекциялық аурулардың да қайтып оралғанын көруіміз мүмкін» - деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша, Қазақстанның полиомиелиттен айыққан мемлекет ретінде сертификаты бар.

«Біз осындай маңызды нәтижеге қол жеткіздік. Өздеріңіз білетіндей полиомиелит, бұл өмір бойы мүгедектікке әкелетін ауру. Қазір бізде 2002 жылдан бастап ауру түрі тіркелмеген. Біз вакцина-кавиальды инфекциялармен байланысты көптеген ауруларды жойдық. Менің ойымша, қазір біздің емдеу орталықтарымыздың жабдықталу деңгейі соншалықты жоғары, егер денсаулыққа қатер келтіретіндей індет анықталса ол мұқият тексеріледі және себептері анықталады», - деп толықтырды Надежда Петухова.

Онлайн ашық алаң барысында қатысушылар екпе туралы үкіметтік сайт құруды ұсынды. Спикерлердің пікірінше, онда вакциналарға қатысты барлық аннотацияларды, олардың құрамы, қарсы көрсетілімдері, болуы мүмкін асқынулары, олардың тиімділігін зерттеу туралы ақпаратты орналастыру қажет. Бұл өз кезегінде ата-аналарға өз балаларын вакцинациялау туралы объективті шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

 

Фото: avestnik.kz