Коронавирус індетінің белгілері жоқ науқастарға не себепті жедел жәрдем шақыру ұсынылмайды?

Коронавирус індетінің белгілері жоқ науқастарға не себепті жедел жәрдем шақыру ұсынылмайды?

Өткен тәуліктегі жағдай бойынша, елімізде жалпы статистикаға қосылмаған коронавирус індетінің белгілері жоқ 600 тасымалдаушы тіркелді. Осылайша, олардың жалпы саны – 5492 адамға жетті.

Диагноз анықталған қазақстандықтар тәртіп бойынша жедел жәрдем көмегіне жүгінеді. Жақын адамының инфекцияға шалдыққанын білген елордалық Альфия Хайдарова да дәл осылай жасаған.

«Диагноз расталды, бірақ дәрігерлер келмейді. Керісінше, медицина қызметкері бізге қайта хабарласып, барлық бригаданың бос еместігін жеткізіп, кешірім сұрады. Мұндай аурумен үйде, жақындарыңның қасында отыру қорқынышты, қауіпті деп ойлаймын. Дәрігерлер рентгенге түсіріп, тексеруден өткізулері керек емес пе?», - деді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Альфия Хайдарова.

Алайда Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды басқаша түсіндіріп отыр. Бұған дейін медициналық қызметтердің сапасы жөніндегі бірлескен комиссияның кезекті отырысында коронавирустық инфекцияны емдеуге арналған жаңа хаттама қабылданған болатын. Тиісті ведомство вице-министрі Людмила Бюрабекова Facebook-тегі парақшасында атап өткендей, анықталған  жағдайлардың көбін ауру белгісі жоқ науқастар құрап отыр. Оның айтуынша, мұндай науқастар емделмейді, дәрігердің бақылауында болмайды деген пікір қалыптасқан. Дегенмен бұл қате пікір.

 «COVID-19 белгісі жоқ науқастар инфекция ошағы болып келеді. Инкубациялық кезең, 14 күн өткен соң клиникалық белгілері анықталуы да мүмкін. Мұндай емделушілер Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің шешіміне сәйкес эпидемияға қарсы режимді сақтай отырып, алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен келісе отырып, үйде немесе карантиндік мекемелерде медициналық бақылауға алынады. Жеңіл формадағы COVID-19 індетіне шалдыққан  адамдар үйде немесе карантиндік мекемелерде эпидемияға қарсы режимге сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен келісе отырып, медициналық бақылауға алынады», - деп жазды Людмила Бюрабекова.

Вице-министр жеңіл формадағы  COVID-19 бар науқастарға этиотропты емдеу жүргізілмейтінін айтты. Алайда олар амбулаториялық негізде байқалады. яғни, күнделікті қоңырау, жалпы жағдайды бағалау, температураны тексеру, шағымдарды нақтылау, қанды оттегімен қанықтыру, мүмкін болса, бейне кеңес беру арқылы тексеріледі. Сонымен қатар, егер денсаулығы нашарласа, пациент жұқпалы аурулар ауруханасына жіберіледі, деп атап өтті вице-министр.

«Аурудың жеңіл түрі бар науқастар дене қызуы көтерілмесе және тыныстау регрессиясы болмаған кезде, сондай-ақ мұрын мен жұтқыншақтан алынған бір реттік сынамалардың нәтижесі теріс көрсеткіш берген жағдайда медициналық бақылаудан шығарылады. Біз инфекцияны диагностикалау және емдеу хаттамаларын жетілдіруді жалғастырамыз, бұл пациенттерге тиімді емдеу жолын қамтамасыз етеді. Келіп түскен барлық ақпаратты шетелдік дәрігерлердің тәжірибесіне сүйене отырып жасаймыз», - деп жазды Людмила Бюрабекова.

Жалпы Қазақстан бойынша, коронавирус инфекциясының белгілері жоқ науқастар саны бойынша Алматы қаласы көшбастап тұр. Соның өзінде дәрігерлер індеттің айқын белгілері анықталмаған жағдайда жедел жәрдем шақырмауды сұрайды. Мұндай жағдайда мамандар учаскелік дәрігерлерге хабарласуға кеңес береді. Міне, осыдан кейін ғана ақ халаттылар науқасқа байланысты шешім қабылдайды.

Өз кезегінде әлемдік биологтар аурудың белгілері жоқ науқастар болмайды деп отыр. Коронавирусты жұқтырған адамдарға «асимптоматикалық тасымалдаушылар» деген термин қолданудың еш мәні жоқ дейді

 Джордж Мэйсон университетінің профессоры Анча Баранова. Оның айтуынша, аурудың белгілері болмаса да, індетке шалдыққан адамдардың ішкі ағзаларында кейбір проблемалар туындауы мүмкін. Биолог атап өткендей, «асимптоматикалық» топқа көбінесе жастар жатады.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: rus.azattyq-ruhy.kz