COVID-19: әлемде індет жұқтырғандардың саны 8 миллионнан асты

COVID-19: әлемде індет жұқтырғандардың саны 8 миллионнан асты

Коронавирус індеті белең алып барады. Әлемде тек соңғы тәуліктерде 124 мыңнан астам жаңа науқас пен 3400-ден астам өлім-жітім тіркелген. Осылайша, бүгінгі күні коронавирусты 188 елден 8 миллионнан астам адам жұқтырған.

COVID-19 індетін жұқтырған науқастар саны бойынша рейтінгтің алдыңғы орнын АҚШ әлі күнге сақтап келеді. Онда бүгінгі күні 2 миллион жүз он төрт мыңнан астам адам індетпен күресуде. Оның ішінде Алабамада, Оклахомада, Флорида мен Оңтүстік Каролинада сырқаттанғандар саны көп. Тек өткен демалыс күндерінің өзінде Штаттарда 40 мыңнан астам науқас анықталды.

Мамандар ең алдымен адамдардың жаппай жиналуын алға тартуда. Олардың айтуынша, АҚШ-тағы кейбір шектеу шараларының босаңсуы, яғни саябақтарда, скверлерде және жергілікті жағажайларда адамдардың көптеп жиналуы індеттің артуына әкеліп отыр. Сондай-ақ мамандар, аурудың өршуі тестілеу ауқымының артуына байланысты екенін де жоққа шығармайды. Алайда, сарапшылар пікірінше тағы бір басты себеп ол - қазір штаттарда нәсілшілдікке қарсы өтіп жатқан жаппай наразылық.

Ал Оңтүстік Американың ең ірі мемлекеті Бразилияда COVID-19 жұқтарғандардың саны, сондай-ақ, өлім-жітімнің көрсеткіші де рекордтық қарқынмен өсуде. Мемлекетте коронавирусты жұқтырудың 888 мыңнан астам жағдайы анықталып, 44 мыңға жуық науқас індет құрбаны атанды. Алайда, жақсы жаңалық та жоқ емес. Инфекцияны республикада 477 700-ден астам науқас жеңіп шықты.

Жалпы Солтүстік және Оңтүстік Америка пандемияның басты эпицентрі болып қала береді. Перу коронавирус жұқтырғандардың саны бойынша Италияға жақындап келеді (Перуде 232992 / Италияда 237290), ал Чили мен Мексикада инфекцияның жоғары таралу қарқыны сақталуда.

Қаралы тізімнің үшінші позициясы көрші Ресей мемлекетінде. Елде 544 мың 700-ден коронавирус дерегі тіркелген. 293 мың 800-ге жуық науқас вирусты жеңіп шықса, 7300-ге жуық адам қайтыс болды. 

Қытай жақында ғана коронавирустың таралуын тоқтата алғанымен, өткен тәулік ішінде мұнда індетті жұқтырғандардың жаңа 46 жағдайы анықталып отыр.  COVID-19 жаңадан өршуін мамандар Пекиндегі «Синьфади» көтерме базарымен байланыстыруда. Онда қауіпті инфекцияның іздері лосось балығын бөлшектейтін тақтадан табылған. Базар әрине сол бойда жабылып, қызметкерлер COVID-19-ға қан тапсыруға жіберілген. Басшылық елорда  супермаркеттерінде аталмыш балықты саудадан алып тастаған.

Қала билігі сонымен қатар, инфекцияның таралуына жол бермеу үшін базар аумағындағы он тұрғын үйді жауып тастады.  Сондай-ақ, Пекинде басқа да шектеулер енгізілді: енді тұрғындарға қала сыртына таксимен және жолсерікпен жүруге тыйым салынады. Бұдан басқа, Үкімет қауіп-қатері жоғары аймақтарда немесе жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды қатаң бақылау туралы талапты жариялады. Індеттің одан әрі таралуын болдырмау үшін мұндай адамдар елордадан кетпеуі тиіс. Олай болмаған жағдайда, олар жергілікті жерлердегі билікті дереу хабардар етуі тиіс.

COVID-19 құрбандарының бүгінгі күнге жалпы саны 437 мыңнан асты. Шамамен 3 миллион 880 мыңнан астам  науқас вирустан сауығып шықты.

 

Фото: skr.su