Коронавируспен күрес: елордада қосымша емдеу орындары ашылып, жоспарлы ауруханаға жатқызу азайтылды

Коронавируспен күрес: елордада қосымша емдеу орындары ашылып, жоспарлы ауруханаға жатқызу азайтылды

Елордада коронавирус инфекциясына шалдыққандарға арналған қосымша 400 провизорлық орын ашылды. Оның ішінде, стационарлар базасында инфаркт, инсульт, қант диабетімен ауыратын және коронавирус жұқтыруы мүмкін адамдарға арнайы орындар қарастырылған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімі мәлімдеді.

«Бұрын пневмониямен және жедел респираторлы вирустық инфекциялармен ауыратын науқастар үшін жеке корпустар ашылған. Ол жерде науқастарды коронавирус індетіне тексеру жүргізілетін. Бұл бізге инфекцияны ерте сатысында анықтауға мүмкіндік берді», - деді Алтай Көлгінов.

Бұдан бөлек, симптомсыз науқастар енді қашықтан емделетіні туралы шешім қабылданды.

«Коронавирусқа шалдыққан, бірақ симптомсыз жүрген адамдарды телемедицина арқылы емдеуге шешім қабылданды. Медицина қызметкерлері бейнеқоңыраулар және басқа да байланыс арналары арқылы тұрғындардың денсаулық жағдайын қадағалайды, коронавирустың симптомсыз тасымалдаушыларына барлық мәселе бойынша кеңес береді. Науқастарда ауру белгілері пайда болған жағдайда олар ауруханаға жатқызылады»,- деді қала басшысы.

Сонымен бірге, Нұр Сұлтан қаласындағы ауруханаларда эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты жоспарлы түрде емханаға жатқызу уақытша тоқтатылды. Осылайша, елордалық денсаулық сақтау басқармасы коронавирус  инфекциясына шалдыққандарды басты назарға алуда.

«Қалалық ауруханаларға жоспарлы түрде консервативті және хирургиялық емдеуге жатқызу 2020 жылдың 15 маусымынан бастап тоқтатылды», - деп хабарлады ведомство.

Ауруханаларда  тек шұғыл операциялар ғана жасалып, жағдайы өте нашар науқастар ғана жатқызылады.

Естеріңізге сала кетейік, төтенше режим кезінде наурыздың ортасынан бастап 11 мамырға дейін қалада жоспарлы түрде науқастарды емханаға жатқызу тоқтатылды. Айта кетейік, адамдарға жедел көмек көрсету қаланың барлық ауруханаларында толық көлемде көрсетіліп келеді.

 

Фото: informburo.kz