COVID-19: Әлемде індетті жұқтырғандардың саны 7 миллион 900 мыңнан асып түсті

COVID-19: Әлемде індетті жұқтырғандардың саны 7 миллион  900 мыңнан асып түсті

Дүниежүзінде бір тәулікте 142 мың COVID-19 дерегі расталды. Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, бүгінде  әлемнің 188 елінде коронавирус індеті 7 миллион 914 мыңнан астам адамда анықталды. Сонымен қатар, пандемия басталғалы 433 мыңнан астам науқас вирус құрбаны атанды.  Шамамен 3 миллион 778 мыңнан аса адам COVID-19 инфекциясын жеңе алды.

Әлем бойынша вирусты жұқтыру және өлім-жітім фактісі бойынша Америка Құрама Штаттары әлі де көш бастап тұр. Бүгінгі таңда мұнда 2 млн-нан аса адам індетті жұқтырған. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, 50 штаттың 21-інде статистика мәліметтері көңіл көншітпейді. Әсіресе халқы тығыз шоғырланған Солтүстік Каролина, Орегон, Техас пен Аризона штаттарында қауіпті вирус жұқтырған науқастар көп. Күніне шамамен мыңға жуық адамға диагноз қойылып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, эпидемияның екінші толқыны әлі басталған жоқ. Ал Нью-Йорктың өзінде жағдай әзірге тұрақты. Алайда штат губернаторы Эндрю Куомо аймақта наразылық акцияға қатысқандар үшін тест тапсыруға арналған 15 пункт ашылатынын хабарлады. Сонымен қатар Куомо санитарлық талаптар сақталмаған жағдайда штат қайта карантинге жабылады деп ескертіп отыр.

Еуропа елдері оқшаулау шараларын жеңілдетуде

Бесінші республикада бүгіннен бастап барлық карантин режимі тоқтатылды. Енді үш жолақты ел жасыл аймаққа көшті. Жаңа шешімдер барысын Франция президенті Эммануэль Макрон хабарлады. Кафелер мен мейрамханалар өз жұмысын бастайды. Бір аптадан кейін франуз оқушыларына оқу  жылы жалғасады. Сондай-ақ, бүгіннен бастап Франция Еуроодақ елдері үшін шекарасын ашады. Келесі айдан бастап туристерді қабылдайды.

 «Дегенмен бұл қауіпті вирус жоқ боп кетті деген түсінік емес. Біз біраз уақыт оны еңсеру жайында шара қолданып, сақтану мәселелерін пысықтаумен боламыз. Сондықтан тым босаңсып кетуге әлі ерте. Биылғы жаз бұрынғыдай болмайды. Оны ел түсіну керек. Шектеу алынды екен деп шектен шықпау керек. Қайта мейілінше сақтанған дұрыс болар. Алдыңғы толқыны кетті деп есептейік, ендігісін уақыт көрсетеді. Эпидемиямен күрес тоқтаған жоқ. Ол әлі де жалғасады»,- деді Франция президенті Эмманюэль Макрон.

Бүгінгі таңда елде 194 мыңнан аса адамда коронавирус дерегі расталған. Елде эпидемия басталғалы 29 мың 500-ге жуық адам вирус құрбаны атанды.

Сонымен қатар маусымның 21-нен бастап Испания да Шенген аймағына кіретін елдермен шекараны ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы осы елдің премьер-министрі Педро Санчес мәлімдеді. Содан кейін билік өзге елдермен шекараны ашуды қарастырмақ. Үкімет басшысының айтуынша, осы күннен бастап өзге елдерден келетін азаматтарды міндетті карантинге жабу туралы шара алынып тасталады. Билік бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 12 процентін құрайтын туризм саласының қалпына келуіне көмектесуі тиіс деп отыр. Айта кетейік, Испания – коронавирустан ең көп зардап шеккен елдердің бірі. Індет таралғалы бері Пиреней түбегінде 243 мыңнан астам адам вирусты жұқтырып, дерттен 34 мыңнан аса науқас көз жұмды.

Ал Грекия керісінше коронавирустың алдын алу шараларын қатаңдатты. Бұл шаралар елде ресми түрде туристік маусым ашылып, саяхатшыларды қабылдау басталғандықтан қолданылып отыр. Әзірге грек жеріне 29 елдің өкілі ғана кіріп, демала алады. Саяхатшылардың барлығы елге келісімен коронавирусқа анықтайтын тесттен өтіп, тексеріс нәтижесі теріс болған жағдайда ғана саяхаттауын жалғастырады. Шекараны ашу Грекия экономикасы үшін маңызды. Өйткені туризм – мемлекет экономикасының басты саласының бірі. Ал ресми дерекке сүйенсек, Грекияда індет басталғалы коронавирусты 3 мың 121 адам жұқтырған екен. Дерттен 183 науқас көз жұмған.

Кариб теңізі жағажайлары дем алам деушілерді құшақ жая қарсы алуға дайын. Мексика билігі шектеу шараларын жеңілдетіп жатыр. Демалыс орындарында шетелдіктер қарасы да біртіндеп көбейіп келеді. Саяхатшылар коронавирусқа шалдықпауы үшін жаңа ережелер енгізілген. Жағажайлар мен қонақүйлер жиі-жиі тазаланып, дезинфекцияланып тұруы тиіс. Туризм Мексика жалпы ішкі өнімінің 8,7 процентін құрайды. Бұл салада 4,5 миллион адам жұмыс істейді. Ал ресми дерекке сәйкес, Мексикада індетті жұқтырғандардың саны 146 мың 800-ден асқан. Індеттен 17 мыңнан көп науқас қайтыс болды.

Әлем бойынша тіркелген адамдар саны бойынша көшбасшы елдердің  төртінші сатысында Үндістан тұр. Онда 332 424 адам осы қатерлі дертке шалдыққан. Кейінгі орында 297 342 мыңға тарта жағдай тіркелген Ұлыбритания жайғасты. Бұдан соң Испания, Италия, Франция, Германия мемлекеттері тұр.

 

Фото: baigenews.kz