Оқшауланған шенеуніктер: Денсаулық сақтау министрімен жұмыс сапарына барғандар қашықтан жұмысқа көшті

Оқшауланған шенеуніктер: Денсаулық сақтау министрімен жұмыс сапарына барғандар қашықтан жұмысқа көшті

Коронавирус адам талғамайды. Қатерлі індет еліміздің жоғарғы билік өкілдерінен де табылып жатыр. Алдымен қауіпті дертке президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли шалдықты. Енді бұл аурудың белгілері денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановта қуатталды.  Онда анықталған вирус симтомпсыз емес. Сондықтан министр жұқпалы аурулар ауруханасында жатқызылды. Бұл туралы Елжан Біртановтың өзі Facebook парақшасында «Санитарлық шараларды қатаң сақтағаныма қарамастан, бұл індет мені де айналып өтпеді» деп жазды.

«Әсіресе, қашықтан, үйде отырып жұмыс істей алмайтын қызметкерлерге қиын. Соңғы күндері бірқатар өңірде, оның ішінде кәсіпкер, кәсіпорын, медицина мамандары, мемлекеттік, БАҚ қызметкерлері арасынан індет жұқтырғандар қатары артуда. Қазақстандағы жаһандық дағдарыс пен пандемия салдарынан пайда болған проблемаларды шешу үшін қазір көптеген азамат қарқынды жұмыс істеуде. Бізге жиі жеке кездесулерге баруға, аймақтарға іссапарға шығуға тура келеді, мұндай жағдайда, әрине, COVID-19 жұқтыру қаупі де жоғары», - деді министр.

Министр барша қазақстандықтан "жеке карантин" ережелерін қатаң сақтауды сұрады.

«Жұмыста, көлікте, көшеде, дүкенде және т.б. жерлерде мүмкіндігінше арақашықтықты сақтаңыз. Егер сіз офис қызметкері болсаңыз, мүмкіндігінше үйден жұмыс істеуге тырысыңыз.Туыс, достармен онлайн, видео-қоңырау және өзге де жаңа технологиялардың көмегімен байланыс орнатыңыз. Қоғамдық орындарда маска киіп жүріңіз.Қолды кем дегенде 20 секунд сабынмен жиі жуып, санитайзермен сүртіңіз. Өзіңіздің және отбасы мүшелерінің температурасын жиі өлшеп тұрыңыз. Егер бойыңыздан мынадай симптомдарды байқасаңыз: әлсіздік, басыңыз, тамағыңыз ауырса, дене қызуыңыз көтерілсе - дереу дәрігерге хабарласыңыз», - деп жазды Елжан Біртанов.

Елжан Біртановпен байланыста болған адамдар өзін-өзі оқшаулады. Олардың қатарында үкімет басшысы Асқар Мамин де бар. Премьер-министрде екі күн бұрын Жамбыл облысында жұмыс сапарымен болған еді. Сынама теріс нәтиже көрсетті.

Денсаулық министрімен кездескен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та оқшауланып, онлайн жұмыс істейтін болды. Осыған қатысты  өңір жетекшісі дерті анықтауға арналған тест тапсырған. Сынама расталмай, тексеру нәтижесі теріс шыққан.

Алдағы екі апта еліміздің білім және ғылым министрі де қашықтан жұмыс жасайтын болады. Асхат Аймағамбетов Елжан Біртановпен бірге Жамбыл аймағына жұмыс сапарымен барған. Білім министрінен алынған сынамадан індет белгілері анықталған жоқ. 

«Асхат Қанатұлы өзін жақсы сезінеді. Бекітілген тәртіпке сәйкес ол оқшаулауда болып қашықтан жұмыс жасайды. Белгіленген уақыт өткен соң министр қайта тест тапсырады. Жұмыс жоспарға сай жүргізіледі», - делінген министрлік таратқан хабарламада.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: tengrinews.kz