Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы вакцина шығарылады

Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы вакцина шығарылады

Жамбыл өңірінде коронавирусқа қарсы вакцина әзірлейтін зауыт құрылысы басталды. Зауыт халықаралық стандарт бойынша иммунобиологиялық дәрі-дәрмектер шығаратын болады. Бүгінде Қазақстанның COVID-19-ға қарсы кандидаттық вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміне енгізілген және клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өтіп жатыр. Жаңа зауытта пандемиялық тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке, жалпы малдың түрлі жұқпалы ауруларына қарсы вакциналар шығарылады. Құрылыс жұмыстары биыл желтоқсан айында аяқталады. Зауыт жыл сайын биофармацевтикалық препараттардың 60 млн дозасын өндіреді.

«Біздің өнімдерімізді көрші елдерде сатуға мүмкіншілік бар. Бүгін институтта 60-тан аса өзінің өндіріске енгізілген дәрі-дәрмектері бар. Вакциналар, баламалық тест жүйелері, емдікке қолданылатын дәрі- дәрмектер бар. Біздің зерттеулеріміз Ресей және Еуропалық мемлекеттің деңгейімен жасалып жатыр. Оған себеп, ДДСҰ біздің жасаған соңғы «COVID-19» қарсы вакцинаны клиникаға дейінгі сынақтан өткізіп жатыр»,-  деді биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Ерғали Әбдіраимов.

Сондай-ақ биылдан бастап Жамбыл облысында фармацевтикалық зауытың өндірісі кеңейтіледі. Толық өндірістік қуатына шыққан кезде 600 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін болады. 2011 жылы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған зауыт бүгінде отандық медициналық мекемелерді бір реттік өніммен тұрақты қамтамасыз етіп отыр. Өндіріс ошағы жылына 15 миллионға дейін өнім шығарады. Кәсіпорын бір реттік медициналық бұйымдар, хирургия, акушерлік, ортопедия, гинекология үшін стерильді және стерильді емес жиынтықтар, тоқылмаған материалдан жасалған жеке заттар  шығарады. Компания өнімдерінің арасында бұласыр бұйымдар пластмассадан жасалған заттар және қан құюға арналған жүйелер бар.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: primeminister.kz