Қазақстанда коронавирус белгілері жоқ тасымалдаушылардың қатары артып келеді

Қазақстанда коронавирус белгілері жоқ тасымалдаушылардың қатары артып келеді

Кейінгі уақытта елімізде қатерлі індетті жұқтырған, алайда ауру белгілері байқалмайтын адамдардың қатары артып келеді. Бүгінгі таңда клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушылардың жалпы саны 2529 жетті. Енді науқастар ауру белгісі бар және жоқ деп жіктеліп, бөлек статистика жүргізілетін болды.

«Ауру белгілері бар және клиникалық белгілері жоқ деп бөлгеннің себебі: алдымен ауру белгілері бар науқастарға уақытты ұтымды пайдаланып, дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін жасалып отыр», - дейді Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова

Оның айтуынша, бұл ауру белгілері жоқ адамдар назардан тыс қалады деген сөз емес. Ондай науқастар аумақтық емханалар үй карантиніндегі жағдайда қашықтан бақыланып отырады. Медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл орайда симптомсыз науқастарды қалай емдеу керек және олар індетті тасымалдаушы ретінде қаншалықты қауіпті деген сұрақтар туындайды. 

Міне, осы сұрақтарға жауап беру кезінде сарапшылардың пікірі екіге бөлінді. Мәселен, ДДСҰ өкілі Мария Ван Керкхове жуырда COVID-19 белгілері жоқ науқастардың басқаларға вирус жұқтыруы өте сирек және қауіпсіз екенін айтты.

«Бізде өзге елдерден келген көптеген сараптама есептері бар. Онда белгілері жоқ науқастар мен олармен байланыста болған адамдарды бақылайды. Осының нәтижесінде мұндай адамдардан індет жұқпайтыны анықталды», - деді М. Ван Керкхове.

Алайда, сарапшылар ДДҰ өкілінің бұл пікіріне қолдау білдірмей отыр. Себебі дүниежүзінде белең алған қауіпті вирустың зерттелмеген тұстары әлі де бар. Әзірге нақты қорытынды шығаруға ерте дейді олар.

 

Фото: kabar.kg