СOVID-19: Пандемия кезінде онлайн медицина қарқынды дамыды

СOVID-19: Пандемия кезінде онлайн медицина қарқынды дамыды

Пандемия – цифрлық медицинаны дамытудың маңызын түсіндірді. Қатерлі індет шекара талғамай, жаһанды жайлап жатқан тұста денсаулығына алаңдаған адамдардың онлайн медицинаға жүгіну көрсеткіші күрт артқан. Тұрғындар емханаға барып кезек күтудің немесе басқа науқастармен байланысқа түсудің салдарын ескеріп, колл орталықтарына қоңырау шалу немесе ғаламтордағы онлайн -кеңес беру қызметін қолдануды жөн санапты. Тұрғындар сұрағын елордадағы iKOMEK109 орталығының мамандары тәулік бойы қабылдады.

«Біз Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан бүкіл қажетті ақпаратты жедел түрде алып отырдық. Осылайша, ТЖ мен карантин кезеңінде 13 наурыздан бүгінгі таңға дейін дәрігер қабылдауына жазылу бойынша 11 653 өтініш келіп түсті. Сонымен қатар, коронавирустық инфекция белгілеріне байланысты дәрігерлер 20312 өтініш бойынша кеңес берді», - дейді орталық басшысы  Жаннат Дүбірова.

Айта кету керек, Қазақстанда онлайн медицинаны дамытуға байланысты тың бастамалар қатары ұлғайып келеді. Жақында қол қойылған электронды денсаулық сақтау жөніндегі жол картасы осы бағытта кешенді жұмыстарды жүзеге асыруды көздейді. 5 бөлімді  қамтитын құжат саланы жаппай цифрландыруға бағытталған. Кешенді жоба аясында 2020-2021 жылдары  44 ауқымды  іс-шара ұйымдастыру көзделіп отыр. 

«Электронды медициналық карталар қалыпты құбылысқа айналды. Бірақ әр түрлі ақпараттық жүйелер арасында деректер алмасу мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Осыған байланысты Жол картасына электронды денсаулық сақтау сәулетін әзірлей түсу іс-шаралары қосылған. Осы жоспарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын бақылау және медициналық қызметтерді тұтынушылармен өзара әрекеттесу, телемедицина мен электрондық рецептілерді дамыту мәселелерін енгізу маңызды деп санадық. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және кәсіпорынның санитарлық паспорты электронды жүйесін енгізу – бұл жаңа ашық қызмет болмақ», – дейді «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева.

Картаның жекелеген бөлімі жеке деректерді қорғау және ақпарат алмасуды қалыптастыру іс-шараларына арналған. Сонымен қатар денсаулық сақтау ұйымдарында ақпараттық қауіпсіздік саясатын сақтауға қатысты іс-шаралар қарастырылған. 

 «Жоба шеңберінде келесідей цифрлық құралдар:  «тәуліктік колл-орталық – 1406», медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және және МӘМС шеңберінде  медициналық қызметтерді алу кезіндегі пациенттердің шағымдары мен өтініштерін тіркеу, есепке алу және орындауға арналған «Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы» енгізілді. Сәйкесінше, Жол картасы аясында осы проблемаларды бірлесіп талдау және мүдделі тараптармен бірге нақты, жүйелі шараларды әзірлеу күтілуде», – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов. 

Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығы да цифрлық медицинаны дамыту бойынша  демеушілердің қолдауымен бірқатар жобаны жүзеге асырды. Мәселен, қауымдастық парақшасында  азаматтарға онлайн режимінде кеңес беру жүйесі құрылды. Аптасына 7 күн, сағат 9-дан кешкі 18-ге дейін мамандар кез-келген денсаулық сұрақтарына қатысты кәсіби көмек жасайды.

«Алғашқы жүктілігім болғандықтан, алаңдаушылық бар. Ол жағынан хабарым аз, түрлі ойлар жиі мазалайды. Сондықтан кәсіби мамандардың көмегіне жүгіндім. Карантин кезінде ешқайда шыға алмағандықтан онлайн түрде барлық сұрақтарыма жауап алдым. Өте ыңғайлы. Пандемиядан кейінде осындай мүмкіндік болса жақсы болар еді», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айжан Исабаева.

Медицина мамандары да заман талабына бейімделіп бағуда.  Сондықтан олар карантин кезінде түрлі электрондық платформалар арқылы тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдіру ісін онлайн жалғастырып жатыр.

 «Карантин кезінен бері KAFPConnect (Канзас отбасылық дәрігерлер) қауымдастығы дәрігерлерімен жұмыс жүргізілуде. ҚОДҚ қызметкерлері отбасылық медицина бойынша Американдық кеңестің емтихандары үшін клиникалық тапсырмаларды аударып, бейімдеуде. Telegram Quiz функциясын қолдану арқылы дәрігерлердің білімін ерікті түрде сынау және жауап нұсқаларын талқылау өткізіліп жатыр. Орталық Азияға арналған Adamdar/CA бұқаралық жобасымен бірге «COVID-19: дәрігерлердің сөзі» атты қарапайым виртуалды кітапша әзірленді», - дейді  ҚОДҚ президенті Дамиля Нұғманова

Медицина саласы жаһандық сын тегеуіріндерге төтеп беруі үшін озық технологияларды жаппай ендіріп, заман ағымына жылдам бейімделудің маңызын ұғынды. Бұл пандемияның әлем елдеріне берген тағы бір сабағы.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: rg.ru