Е. Біртанов: Елімізде екпе салдарынан бірде-бір бала өлімі тіркелген жоқ

Е. Біртанов: Елімізде екпе салдарынан бірде-бір бала өлімі тіркелген жоқ

Жауыр болған екпе жыры. Қоғам арасында дауға айналып, кең талқыға түсіп жатқан мәселеге қатысты денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тағы да түсініктеме берді. Оның айтуынша, Қазақстанда қолданылатын барлық вакцина тәуелсіз сарапшылардың жан-жақты терең зерттеуінен өтеді. Бүгінге дейін екпе салдарынан бір-де бір жағдай тіркелген жоқ дейді ведомство басшысы.

Министр «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодексте қарастырылатын міндетті екпе туралы түзету дамыған елдердің тәжірибесі негізінде жасалғанын алға тартып отыр.

«Кез келген заң жобасы ғылыми тұрғыда негізделген сараптамалық жұмыстың нәтижесі. Екпеден бас тартқандарға айыппұл салуға біз әлі дайын емеспіз. Халықтың кірісі бұған мүмкіндік бермейді», - деді министр.

Халықтың дені екпеден бас тартуына байланысты бізге осындай заң жобасын енгізуге тура келді дейді, Елжан Біртанов. Алайда, министр міндетті деген сөз мәжбірлеу дегенді білдірмейтінін ерекше атап өтті. Ата-аналар вакцинадан бас тарта алады. Тек бұл орайда баласының балабақша мен мектептегі өзге адамдарға қауіп төндіретінін ескеру қажет, дейді министр. 

«Денсаулығы мықты, қорғалған балалардың ауру жұқтыру көрсеткіші төмен болады. Онкологиялық және созылмалы ауруларға шалдыққан балалар үшін аса қауіпті. Олар зардап шекпеуі тиіс», - деді министр.

Елжан Біртановтың айтуынша сіреспе, көкжөтел, полиомиелит сынды аурулар ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Олардың таралуын вакцина тежеп отыр. Ата-аналар осыны қаперге алу керек, дейді ол.

«Егерде біреу сіздерді ғарыштан чиптеп жатыр деп ойласаңыздар, екпеден бас тартыңыздар. Қазір халық арасында осындай қате пікір, түсінік қалыптасқан. Сіз балаңызды Қазақстан Республикасының азаматы ретінде егуіңіз тиіс. Бұл ұлт қауіпсіздігі. Ол вакцинациялау науқанына қатысып, дәрі алмаса өзгелерге ауру жұқтыруы мүмкін. Осыны түсінген жөн», - деп, Елжан Біртанов сөзін түйді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: liter.kz