ДДҰ мен Дүниежүзілік банк әлемде эпидемиологиялық және экономикалық жағдайдың нашарлағанын мәлімдеді

ДДҰ мен Дүниежүзілік банк әлемде эпидемиологиялық және экономикалық жағдайдың нашарлағанын мәлімдеді

Соңғы 9 күнде тәулік сайын COVID-19 диагнозы қойылған науқастар саны 100 мыңнан асып отырды. Ал жексенбі күні әлемде 136 мың адам инфекция жұқтырған. Еуропада коронавирустың таралуы саябырсыса да, жаһандағы жалпы жағдай көңіл көншітпейді. Бұл туралы Женевада онлайн-брифинг барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус мәлімдеді. ДДҰ келтірген деректерге сай, қазірге дейін 7 млн адамнан коронавирус анықталды және 400 мың адам инфекциядан көз жұмған.

«Анықталған барлық ауру санының 75 пайызы 10 мемлекетке тиесілі, көбі — Америка және Оңтүстік Азия елдері», - дейді Тедрос Гебрейесус. ДДҰ басшысы Африка елдерінде де жағдай мәз еместігін жеткізді. Және де Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінде жұқтыру көрсеткіші өсіп келе жатқанын айтты.

Ұйым басшысының айтуынша, эпидемиологиялық ахуал жақсарып келе жатқан елдер үшін басты жау - өзіне сенімділік пен еркінсу.

«Халықтың қаншалықты вирусқа ұшырағанын анықтау үшін жүргізілген зерттеулердің нәтижелері әлемдегі адамдардың көпшілігі әлі де инфекцияға бейім екенін көрсетеді. Біз инфекцияны қайта өршітпеу үшін белсенді бақылау жүргізуге шақырамыз. Әсіресе, кейбір елдерде адамдардың көп шоғырлануы байқалған жерлерде абай болу керек», - деп атап өтті Гебрейесус.

Дүниежүзілік банк: әлемдік экономикадағы құлдырау

Өз кезегінде Дүниежүзілік банк әлемдік экономика рекордтық деңгейде құлдырайды деп болжам жасады. Қаржы институтының сарапшылары бұл туралы 2020 жылдың маусымына арналған есебінде айтқан.

«Коронавирус пандемиясы және карантиндік шаралар әлемдік экономиканың күрт әрі тез құлдырауына әкеп соқты. Осының әсерінен экономика рецессияға ұшырады. Дүниежүзілік банктің болжамдары бойынша, биыл әлем экономикасы 5,2% төмендейді деп күтілуде. Бұл құлдырау Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңнен де ауыр болмақ», - делінген құжатта.

Дүниежүзілік банк экономикасы дамыған елдердің жалпы ішкі өнімінің биыл 7%, ал экономикасы қалыптасып келе жатқан немесе дамушы елдерде 2,5% төмендейді деп отыр. Сарапшылар бұл құлдырауды «соңғы 60 жыл ішінде осы топтағы елдерді жалпы қамтыған рецессия» деп атады.

Сонымен бірге, сарапшылар 2021 жылы ЖІӨ-нің ғаламдық өсуін күтеді. Олардың болжамдары бойынша, қаңтарда хабарланғандай 2,6 пайыз емес, 4,2 пайыз болуы әбден мүмкін.

 

Фото: informburo.kz