COVID-19: адамдармен сөйлеспеу вирустан сақтай ма?

COVID-19: адамдармен сөйлеспеу вирустан сақтай ма?

Сақтанудың жаңа жолы – сөйлемеу. Мексика астанасының билігі бұл коронавирустың таралмауы жолындағы тиімді әдіс екеніне сенімді. Сондықтан Мехико әкімшілігі twitter-де хабарландыру жариялап, қала тұрғындары мен қонақтарына метрода сөйлеуге тыйым салды. Айта кетейік, қоғамдық көліктерде адамдардың бір-бірімен сөйлесуіне тыйым салған ел жалғыз Мексика емес. Бұған дейін Сингапур да қоғамдық көліктерде адамдардың бір-бірімен және ұялы телефонмен сөйлесуіне тыйым салған болатын.

Еуропа  мектептері есігін ашты  

Әлемнің көптеген елдері қалыпты тіршілігіне оралуда. Карантин талаптарын жеңілдету білім беру саласына да әсер етті.  Англияда дүйсенбіден бастап бірінші және алтыншы сыныптарда, сондай-ақ дайындық сыныбында балаларға, кейбір балабақшалар мен мектептер ашылды. Алайда, ата-аналар балаларын үйде қалдыруға да құқылы. Оқу орындары ашылғанымен негізгі басымдық студенттердің, оқытушылардың және басқа қызметкерлердің қауіпсіздігі болып табылады. Яғни, бір сыныпта 15 баладан аспауы керек. Сонымен қатар санитарлық нормалар сақталуы тиіс.Ал 15 маусымнан бастап 10 және 12 сынып оқушыларының төрттен бір бөлігі емтиханға дайындалу үшін мектепке орала алады.

Бельгияда маусымның 8-інен бастауыш сынып оқушылары мектепке оралады. Басты шарт тәрбиешілер бүлдіршіндердің әлеуметтік арақашықтықты сақтауын қадағалуы тиіс. Мұнда 12 жасқа дейінгі балалардың медициналық маска тақпауына рұқсат етілген. Бастауыш сыныптарда оқушылардың саны 10-нан аспауы тиіс. Және әрбір шәкірттің орыны 4 шаршы метрден кем болмауы қажет.

Грекияда бастауыш сынып оқушылары оқуын мектепте жалғастыра бастады. Сонымен қатар бірнеше қонақүйлер, ашық кинотеатрлар, бассейндер мен гольф алаңдары ашылды.

Ал АҚШ-та білім беру мен коронавирус емес  жаппай тәртіпсіздіктер мен ереуілді тыю мәселесі өзекті болып тұр.  Нью-Йорк қаласында коменданттық сағат енгізілді. Бұған аймақтағы жаппай ереуіл мен тәртіпсіздіктер себеп болды. Афроамерикалық Джордж Флойдтың өліміне қатысты халықтың наразылығы бірнеше күннен бері тыйылмай тұр. Үкімет өңірде тәртіпсіздіктің алдын алу үшін полиция өкілдерінің санын екі есеге арттырмақ. Сонымен қатар қосымша күш  Манхэттен мен Бруклинге жөнелтілетін болады. Бүгінде Америкада инфекция таралуы қатты бәсеңдеген жоқ. Сондықтан жаппай наразылық акцияларынан кейін вирусқа шалдығу саны арта түсуі әбден мүмкін. 

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, бүгінде коронавирус індеті расталғандар саны 6 миллион 300 мыңға жақындады. Сонымен қатар, пандемия басталғалы 375 мыңнан астам науқас вирус құрбаны атанды.  Шамамен 3 миллионы COVID-19 инфекциясын жеңіп шықты.

 

Фото: america.cgtn.com