COVID-19: әлемдегі ахуал

COVID-19: әлемдегі ахуал

Англия COVID-19 індетін тестілеу және бақылау бағдарламасын іске қосады. Осылайша жобаны іске асыру үшін 40 мың маманнан тұратын топ құрылды. Бағдарлама инфекцияға шалдыққан науқастарды тексеріп, олармен байланыста болған адамдарды анықтап, 14 күнге оқшаулайтын болады.

«Аз адам үшін бұл қысқа мерзімді оқшаулау режимі бізге қазіргі пандемияға байланысты туындаған жағдайдан біртіндеп 66 млн адамды құтқаруға мүмкіндік береді»,- Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Ұлыбритания COVID-19 індетінен өлім-жітім бойынша әлемде екінші орында тұр. Мұнда 37,5 мыңнан астам науқас вирусты жеңе алмады. Жалпы елде 268 мыңнан астам адам инфекцияны жұқтырған.

Әлемнің басқа елдерінен коронавируспен ауыратындар мен қайтыс болғандардың саны жағынан үлкен айырмашылықта АҚШ әлі де тұр. Reuters агенттігінің хабарлауынша, дәрігерлер 100 мыңнан астам адамды құтқара алмады. Еске салайық, өткен аптада елдің жиырма штатында COVID-19 ауруы көбейгені туралы хабарланған болатын.

Ал Оңтүстік Кореяда COVID-19 вирусына шалдыққандар қатары қайтадан артып келеді. Мұнда осы аптада инфекцияның тағы 69 жаңа дерегі расталды. Жұқтырғандардың көпшілігі Сеулдің батысындағы Пучхон қаласындағы логистикалық орталықта жұмыс істегендер.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күні әлемде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 5 миллион 707 мыңнан асты. Пандемия басталғалы инфекция 355 мыңнан аса адамның өмірін жалмаған. Ал аурудан толықтай айығып шыққандар саны 2 миллион 350 мыңға жуық.

 

Фото: gazeta.ru