Еуропарламент Қазақстандағы коронавируспен күрес шараларын жоғары бағалады

Еуропарламент Қазақстандағы коронавируспен күрес шараларын жоғары бағалады

Қазақстан COVID-19 індетімен күрес жолында дұрыс әрі тиімді шараларды қабылдады. Бұл еуропалық Парламенттің Орталық Азия елдерімен байланыс делегациясының жетекшісі Фульвио Мартушеллоның пікірі.

Фульвио Мартушелло Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шектеу шараларына қатысты ұсыныстар толықтай ескерілгенін ерекше атап өтті. Еуропарламент өкілінің пайымдауынша, бұл шаралар елдегі денсаулық сақтау жүйесіне қатерлі індет салдарынан түскен жүктемені төмендетіп, мыңдаған қазақстандықтың өмірін сақтап қалуға ықпал етті. 

«Үкімет індет тарамау үшін дер кезінде арнайы шараларды қолға алды. Денсаулық сақтау жүйесімен  қатар әлеуметтік саланы  бірге қолдауға ден қойды. Есесіне қазақстандықтар ортақ қатерге қарсы жұмыла күресті», - дейді Фульвио Мартушелло

Сондай-ақ Еуропарламент делегациясының басшысы қазақстандық биомедицинаның бәсекеге қабілеттілігіне жоғары баға берді. Аймақтың ғылыми мекемелері аз уақыттың ішінде індетті анықтайтын тест жүйелерін жасап, вакцинаны зерттеу жұмыстарына кірісті. 

Сонымен қатар кәрі құрлық депутаты Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасында жақында жасалған келісім тараптар арасындағы ынтымақтастық әлеуетін арттырып, әріптестіктің  жаңа көкжиегін ашатынына сенімді екенін жеткізді.

«Кез келген дағдарыстың шегі болады. Сондықтан болашақты бүгіннен бастап ойлау керек. Алдағы уақытта Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы байланыс беки түсетініне сенімдімін», -дейді Фульвио Мартушелло.

 

Фото: 24.kz