Денсаулық сақтау министрлігі: Коронавирус инфекциясының өсімі ірі кәсіпорындарда тіркелді

Денсаулық сақтау министрлігі: Коронавирус инфекциясының өсімі ірі кәсіпорындарда тіркелді

Республикада төтенше жағдай аяқталғаннан бері шамамен 3,5 мың коронавирус оқиғасы тіркелген. Дегенмен, өсу қарқыны қалыпты деңгейде, 5% құрайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Елжан Біртанов айтты. Сонымен қатар министр қазіргі уақытта індеттің қай облыстарда өршіп тұрғанын да мәлімдеді.

«Белгілі бір аймақтарда аурудың өсуі байқалады. Ауру жергілікті сипатқа ие. Олар Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстары мен Шымкентте»,- деді Біртанов брифингте.

Біртанов мұны кәсіпорындарда ұжым арасында науқастардың көбеюімен байланыстырып отыр. Олардың барлығы жоспарлы тестілеу арқылы анықталады.

«Атап айтқанда, «Теңіз» кенішінде  жедел респираторлық вирустық инфекциялардың алғашқы белгілері анықталғаннан кейін жаппай тексеру, сынама алу жұмыстары жүргізіле бастады. Қазір тенденция азайып, жағдай біздің санитарлық қызмет пен жергілікті биліктің бақылауында », - деп толықтырды Елжан Біртанов.

Сонымен қатар дәл осындай көрініс Қарағанды ​​облысындағы шахтада орын алған. Мұнда 350-ден астам вирусты жұқтыру жағдайы тіркелген. Ал Шымкенттегі кәсіпорындардың бірінде 219 жұмысшыда індет анықталған. Нұр-Сұлтан және Түркістан облысының құрылыс нысандарында  80 адам инфекцияға шалдыққан. Ақтөбе және Жамбыл облыстарының әскери бөлімдерінде де науқастар тіркелді.

Сондықтан ведомство басшысы санитарлық шараларды, әсіресе, өнеркәсіптік кәсіпорындарда қатаң сақтауға кеңес береді. Сонымен қатар профилактикалық скринингтерді өткізіп тұру қажеттігін де атап өтті.

Елжан Біртановтың айтуынша, елдегі зертханаларда күніне 25 мыңға дейін сынақ өткізіледі. Эпидемия басталғаннан бері 711 мың тест жасалған.

Денсаулық сақтау министрінің мәлімдемесіне сәйкес, қазір елімізде 4653 адам емделуде, оның 355-і балалар.

 

Фото: baigenews.kz