Әлемде COVID-19 жұқтырғандар саны 5,7 млн-ға жақындап қалды

Әлемде COVID-19 жұқтырғандар саны 5,7 млн-ға жақындап қалды

Бразилияда бір тәулікте вирустан қайтыс болғандар саны 807 жетті. Індеттен бір күнде қайтыс болғандар саны бойынша Латын Америка елі әлемде алдыңғы орынға шықты. Бұл АҚШ-пен салыстырғанда 127 адамға артық. Америкада 620 адам коронавирустан қайтыс болды. Бірақ осыған қарамастан, президент Жаир Болсонару шектеу шараларын тездетіп алып тастауды ұсынып отыр. Қазір Бразилияда коронавирус жұқтырғандар саны 400 мыңға жуықтап қалды. 24 мыңнан аса науқас көз жұмды.

Кәрі Құрлық елдерінде спорт залдары мен жағажайлар ашық

Коронавирустан ең қатты зардап шеккен елдердің бірі – Италияда дүйсенбіден бастап фитнес орталықтар мен хауыздар ашылды. Кәрі құрлықтағы бұл мемелекет біртіндеп қалыпты өмірге қайта орала бастады. Дегенмен қабылданған жаңа ереженің қазіргі таңда індеттің ошағы болып тұрған Ломбардия қаласына еш қатысы жоқ. Екі айлық үзілістен кейін ашылған фитнес орталықтары санитарлық норманы мұқият сақтауы тиіс.

«Италияның жүзу федерациясы бассейнге бір уақытта 44 адамды кіргізуге рұқсат берді. Біз алғашында 24 келушіні ғана қабылдайтын болып шештік. Адамдар қауіпсіз жерде жүзіп жүргенін сезінуі керек. Кезең-кезеңімен қонақтар санын көбейте береміз», - дейді спорт клуб жетекшісі Стефано Чечилия.

Қазіргі таңда елдегі эпидемиологиялық жағдайға сәйкес COVID-19 вирусы 230 мың 500-ден аса адамда расталған. 33 мыңға жуық науқас індетті жеңе алмады.

Ал Испания жағажайлары шетелдік туристер үшін 1шілдеден бастап ашық. Сонымен қатар елге келген жиһанкездер 14 күн өзін-өзі оқшаулау режимінде болмайды.

«Ең қиын кезең артта қалды. Шілдеде біз біртіндеп Испания шекарасын шетелдік туристерге ашамыз, карантинді алып тастап, денсаулық сақтаудың жоғары стандарттарын қамтамасыз етеміз. Біз сіздерді асыға күтеміз!» - деп жазды Испанияның сыртқы істер министрі Аранча Гонсалес Лая әлеуметтік парақшасында.

Айта кетейік, қазіргі таңда елде 280 мыңнан аса COVID-19 дерегі расталған. Аурудан 27 мыңнан аса адам қайтыс болды. Десе де бүгінгі таңда елде карантин режимі біртіндеп жеңілдетіліп жатыр.

Франция COVID-19 салдарынан болған дағдарыспен күреске 450 миллиард еуро бөлді

Ал бесінші мемлекетте коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 182 мыңнан асты. 28 мыңнан аса науқас індет құрбаны атанды. Еске салайық, Францияда коронавирусқа байланысты карантин 2 айға созылды. 11 мамырдан бастап шектеу шараларын жеңілдету қолға алынып, дүкендер, сән салондары мен шаштараздар ашылған еді. Осыған орай Франция коронавирус салдарынан дағдарысқа ұшыраған экономикалық секторға қолдау көрсету үшін 450 миллиард еуро бөлді. Францияның қаржы министрі Брюно ле Мэрдің мәлімдеуінше, бұл мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің 20 пайызына тең.

Оның айтуынша, қолға алынған шаралардың қатарында мемлекеттің кепілдемесімен берілген 315 миллиард еуро көлемінде несие бар. Бірақ қарыз салық емес экономикалық даму арқылы өтелуі қажет дейді Брюно ле Мэр.

Инфекция жұқтырғандардың саны жөнінен тізімді АҚШ бастап тұр, мұндағы науқастар саны 1 миллион 725 мыңнан көп. 100 мыңнан аса адам инфекциядан көз жұмды.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күні әлемде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 5,7 млн жетіп қалды. Пандемия басталғалы инфекция 352 мыңнан аса адамның өмірін жалмаған. Ал аурудан толықтай айығып шыққандар саны 2 млн 400 мыңнан асады.

 

Фото: dw.com