ДДСҰ: COVID 19-дың жаңа толқыны басталуы мүмкін

ДДСҰ: COVID 19-дың жаңа толқыны басталуы мүмкін

Әлем коронавирус індетімен күресті жалғастыруда. ДДСҰ инфекцияның жаңа толқыны басталуы мүмкін деп отыр. Ал үшінші әлем елдері қауіпті инфекцияға қарсы тұрға дәрменсіз.

Африкадағы коронавирус: аштық пен үмітсіздік

Жұмыссыздық, кедейлік пен тегін тамақ алу үшін ұзынсонар кезек. Бүгінгі таңда коронавирус экономикасы аз дамыған елдерді де жайлады. Пандемия салдары Африка құрлығына оңайға соқпай тұр. Белгілі болғандай, қара құрлықтың көптеген мемлекеттері карантинге және оның зардаптарына дайын болмай шықты. Бұл елдерде пандемиямен күресу үшін науқастарға арналған жасанды дем алу құрылғылары мен дезинфекция жабдықтары жетіспеуде. Сонымен қатар, карантин жариялағалы бері көптеген жұмыс орны қысқартылып, адамдар табыс көзінсіз қалған. Айта кетейік, Африка континентінде ақпан айының басында коронавирус індеті расталған болатын. Бүгінгі таңда мұнда 66 мыңға жуық адамда COVID-19 дерегі анықталған. Дегенмен мамандардың айтуынша, бұл сан бірнеше есеге көп болуы әбден мүмкін. Олар өздерінің мәлімдемелерін дәлелдеу мақсатында Африканың көптеген елдерінде сынамалар алынбағанын алға тартып отыр.

Инфекцияны жұқтыру бойынша ТОП-10 ел

Әлемді жайлаған коронавирус инфекциясының таралуы бойынша әлі де АҚШ дүниежүзінде көшбастап тұр. Бүгінгі таңда мұнда 1 577 140 індетке шалдыққан. Ал инфекциядан қайтыс болғандар саны жүз мыңға жақындап қалды.

Вирусты жұқтыру бойынша Ресей Федерациясы екінші орында тұр. Мұнда 317 мың науқаста COVID-19 анықталды. Қауіпті инфекция күн санап артып келеді. Бұған дейін Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың да вирус жұқтырғаны белгілі болды.

Ал Бразилияда вирус жұқтыру дерегі соңғы уақытта күрт артқан. Бүгінге бұл ел коронавирус таралу бойынша Ұлыбританияны басып озып, үшінші орынға шықты. Елде 310 мыңнан аса адамда індет анықталған. Мұнда бір тәулікте 30 мыңға жуық адам инфекцияға шалдығуда. 

Вирусты жұқтыру бойынша ТОП-10 мемлекеттердің  қатарына Испания, Италия, Франция, Германия, Түркия және Иран да енді.

Әлемде вирусты жұқтырғандар саны 5,1 миллионнан асты

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда әлемде 5,1 миллионнан астам адам коронавирусты жұқтырған. 332,900 науқас инфекцияның құрбаны болды. 2 миллионға жуық адам аурудан жазылып шыққан. Дегенмен ДДСҰ коронавирустың екінші толқыны басталуы мүмкін деп болжам айтып отыр. Сарапшылардың пікірінше, пандемия қаупі сейілген жоқ. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Ресей Федерациясындағы өкілі Мелита Вуйнович хабарлады.

«Пандемия әлемнің түкпір-түкпірінен өтпейінше, оны тоқтату мүмкін емес. Бүгінгі таңда вирус барлық жерге таралды. Бірінші толқын болған жерде екіншісін күту заңды. Халық вирус жұқтыру қаупі мен оның салдарын жақсы түсінулері керек. Сондықтан кез келген жерде, кез-келген уақытта сақтық шараларын ұстанған абзал», - дейді Мелита Вуйнович.

 

Фото: odessa-life.od.ua