COVID-19: Қазақстанға шетелден дәрі-дәрмек жеткізу қиындады

COVID-19: Қазақстанға шетелден дәрі-дәрмек жеткізу қиындады

Амбулаториялық және стационарлық емдеуде жүрген қазақстандықтар дәрі-дәрмектің жетіспеушілігіне байланысты шағымдана алады. Бұл туралы СК-Фармация төрағасы Берік Шәріп айтты.

«1439 байланыс орталығы бар, онда кез-келген науқас дәрі-дәрмектің жетіспейтіндігіне шағымдана алады. Байланыс орталығының жұмысы бірінші кезекте амбулаториядағы науқастарға бағытталған. Дегенмен стационардағы науқастар да өз арыз-шағымдарын түсіре алады. Осы кезекте біз белсенді позицияны ұстанып, кез келген азаматтан түскен арызды алып, ол адамды сол медициналық ұйымға шақырып, туындаған мәселенің түйінін бірге шешу жолдарын қарастырамыз», - деді бірыңғай дистрибьюторлық компанияның басқарма төрағасы Берік Шәріп.

Сондай-ақ, ол белгілі бір дәрмек болмаған жағдайда, науқасқа өзге медицина мекемесінен препаратты ала алатындығын жеткізді. Немесе дәрі-дәрмектердің белгілі бір қоры сақталған арнайы хабтан жеткізілуі де мүмкін.

Айта кетейік, коронавирус пандемиясына қатысты Қазақстанда белгілі бір дәрілерді жеткізуде қиындықтар туындады.

 «Жеткізу жағынан қиындық туғызып тұрған 20 препарат бар. Оның бәрін де әлемдік пандемияға байланысты Қазақстанға алып келу қиынға айналып отыр. Мәселен, бір мемлекет Қазақстанға осыған дейін келісілген препараттарды енді жеткізбейтінін жария етсе, онда басқа кәсіпорындармен келіссөз басталады. Ал егер келісім-шарт жасасқан кәсіпорын белгілі бір уақыт сұраса, онда оған препаратты кеш те болсын жеткізу құқығы компанияға беріледі», - деді Берік Шәріп.

 

Фото: ehonews.kz