Коронавирус індетіне қарсы вакцина оң нәтиже берді

Коронавирус індетіне қарсы вакцина оң нәтиже берді

Америкалық «Moderna» компаниясы коронавирус індетіне қарсы вакцинаның адам денесінде тестілеу жақсы нәтиже беріп жатыр деп мәлімдеді. 8 сынаққа қатысушыдан коронавирустың таралуын тежейтін антиденелер табылды, сонымен қатар олар COVID-19 вирусына шалдыққан  науқастарда пайда болатын антиденелерге ұқсас болып шықты. Сынақтың келесі кезеңі шілде айында басталуы мүмкін.

Айта кетейік, «Moderna» алғашылардың бірі болып АҚШ Ұлттық аллергия және жұқпалы аурулар институтының бақылауымен сынақты бастаған болатын. Бүгінгі таңда әлем бойынша 80-ге жуық ғалымдар тобы вакцина ойлап табу үстінде. Қазірдің өзінде Оксфорд университетінің ғалымдары сынақтан өтем деуші адамдарда зерттеу жұмыстарын бастаған. Әзірге қорытынды нәтиже туралы ақпарат жоқ.

ЕО елдері оқшаулау шараларын жеңілдетуде

Италия тек діни рәсімдерге ғана емес, сонымен қатар сауда қатынасына да қатысты шектеулерді алып тастады. Енді маусым айының басынан бастап италиялықтарға шетелге саяхаттауға болады. ЕО елдерінің ішінде Италия ең ұзақ мерзімде карантинде отырды.

Испанияда үкімет оқшаулану режимінен шығу үшін төрт деңгейлі жүйені ойлап тапты. Сонымен қатар бұл жүйені  елдің әр аймақтары ұстануы міндетті. Бірақ карантин жеңілдету бірінші кезекте эпидемиологиялық жағдайға байланысты әр түрлі жылдамдықпен жүргізілетін болады.

Десе де бүкіл ел бойынша бетперде кию қоғамдық көлікте міндетті болып қала береді.

Ал Францияда орта мектеп оқушылары білім қабырғасында оқуларын жалғастыратын болады. Бірінші болып 12-13 жас аралығындағы колледждің 5-інші, 6-ыншы сынып оқушылары мектепке оралды.

Оқу орындарының басшылығына жасөспірімдерді қабылдаудың логистикасын, оның ішінде сабақ уақытында балалар санын азайтуды және мектепте олардың қозғалысын қайта қарастыруға тура келді.

Ресейде шектеу шаралары жеңілдеуі мүмкін

Ресейде екінші күн қатарынан коронавирусты жұқтырған жаңа науқастар саны 10 мыңнан төмен тіркелуде. Ал ел астанасы Мәскеуде соңғы аптада індеттің таралуы 5 есеге азайған. Осы орайда Денсаулық сақтау министрі елде шектеу шаралары жеңілдеуі мүмкін дейді.

Мәскеу облысында бүгіннен бастап өнеркәсіп мекемелері мен құрылыс нысандары өз жұмысын бастады. Естеріңізге салайық, Мәскеудің өзінде бұл өндіріс орындары бір апта бұрын жұмысын жандандырған болатын. Соңғы мәліметке сәйкес, ел астанасында 146 мың адам коронавирус диагнозымен тіркеліп отыр. Ал жалпы мемлекет бойынша 290 мыңға жуық тұрғыннан коронавирус анықталған. Десе де, аймақтағы өлім-жітім көрсеткіші өзге елдерге қарағанда әлдеқайда төмен.

Айта кетейік, Джонс Хопкинс университетінің соңғы мәліметтеріне сәйкес әлемде COVID-19 індетіне шалдыққандардың қатары 4,8 млн адамға жуықтап қалды.

 

Фото: tengrinews.kz