Елордада коронавирустың жаңа жағдайлары 2 есеге азайды

Елордада коронавирустың жаңа жағдайлары 2 есеге азайды

Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандар саны екі есе төмендеді. Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова қаладағы эпидемиологиялық жағдайды баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда коронавирус жұқтырған науқастардың жартысына жуығы інтеттен айығып шықты. Жазылғандармен қатар жаңа тіркелген дерт деректері соңғы аптада 5% аспай, екі есеге азайғаны байқалады. Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, елорда халқы қазір қалыпты өмірге оралуда. COVID-2019 індетіне қарсы арнайы жасақталған медициналық ұйымдар бұрынғы жұмыс бағытына оралып, қызметін жаңғыртуда.

«Коронавирус инфекциясына байланысты бұған дейін енгізілген шектеу шаралары ақырындап алына бастады. Бірқатар нысанды аша отырып, біз қалыптасқан қазіргі ахуалды тесттен өткізіп жатырмыз. Денсаулық сақтау жүйесі жағдайды бақылап, тестілеп, қадағалауды үйренсе, қатаң карантин режимінен шығуға болады. Науқастарды қабылдайтын орындар елордада жеткілікті. Қаладағы ауруханалардың бәрінде коронавирусты анықтайтын провизорлық орталық ашылды», - деді Сәуле Қисықова.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қандай жағдайда карантин тәртібі қайта енгізілуі мүмкін екенін айтып берді. Қала тұрғындарын салғырттықтың кесірінен сан соғып қалмас үшін өткеннен сабақ алуға үндеп, тағы бір мәрте қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.

«Ендігі кезекте екінші аптада өсім 5 пайыздан аспауы тиіс. Егер аталмыш көрсеткіштен асып кетсе, карантин шараларын күшейту, тіпті бұрынғы талаптарды қайтару мәселесін қарастыруымыз мүмкін. Карантинді жеңілдетудің басты талаптарының бірі –жұқтыру көрсеткішінің азаюы», - деді Сәуле Қисықова

Басқарма басшысы елордада осы уақытқа дейін 75 мың ПТР-тестілеу, 32 мың экспресс-тестілеу жүргізілгенін мәлім етті. Еске салайық, қазіргі уақытта бас шаһарда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 1 287 жағдайы тіркелген. 602 адам індеттен жазылып шыққан.

 

Фото: astana.gov.kz