Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының делегаттары: «Барша әлем қатерлі індетті жеңу үшін жұмылу керек»

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының делегаттары: «Барша әлем қатерлі індетті жеңу үшін жұмылу керек»

Женевада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 73 сессиясы жалғасуда. Бұған дейін құрамында қазақстандық делегаттар болған қатысушылар онлайн режимінде өткен жиында COVID-19 қатысты  халықаралық тексерістің басталғаны жөніндегі  Еуро Одақтың резолюциясын талқылады. Оның барысында жаңа инфекцияның шығуына жаһандық баға берілетін болады. Бүгін қарар дауыс беруге шығарылады. Қазіргі таңда оны әлемнің 120 елі қолдауға әзір екендерін білдірді.

Әлем көшбасшылары ДДСҰ коронавируспен күресті бастауға шақырды

Мұндай ұсынысты Германия канцлері Ангела Меркель жасады. Оның сөзінше, әлемдегі бірде-бір ел қатерлі індетті өздігінен ауыздықтай алмайды.

Ал ҚХР басшысы Си Цзиньпиннің айтуынша, ДДСҰ COVID-19 күресті бастауы тиіс. Өзге елдер болса ортақ іске тек саяси ғана емес, сондай-ақ қаржылай қолдау жасаулары қажет. Франция президенті Эммануэль Макрон да осы пікірді ұстанатынын жеткізді. Ол ДДСҰ көшбасшылығының маңызына айрықша тоқталып, Франция халықаралық ұйымның осы бағыттағы жұмысына бөлінетін қаржы көлемін арттыратынын мәлімдеді.

Вакцинация баршаға қолжетімді болуы керек

ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейесус қатерлі індет әліде қоғамға жаһандық деңгейде қауіп төндіріп тұрғанын ескертті. Сондықтан да әлем елдерінің белді ғалымдары аталмыш  инфекцияға қарсы вакцина іздеуге белсене кіріскен.  Жиынға қатысушылар вакцинаның баршаға бірдей қолжетімді болу мәселесін көтерді. Си Цзиньпин қытайлық препараттың адамзаттың игілігі үшін кәдеге жаратылатынын жеткізді.  Сондай-ақ, ҚХР төрағасы аспан асты елі алдағы 2 жылдың ішінде пандемиядан жапа шеккен мемлекеттерге 2 миллиард доллар көлемінде көмек көрсететінін хабарлады.

Карантинді жеңілдету асығыстық танытқан немесе  уақтылы қолға алынған шара ма?

Пандемия әлемнің қалыпты өмірін өзгертті. Дейтұра бірқатар шектеу шаралары жеңілдеп, елдер мен қалалардың тыныс-тіршілігі жандана бастады. Тедрос Адханом Гебрейесустың айтуынша халықтың күнделікті  өмір салтына келу үрдісін тездету үшін мемлекеттер карантинді жеңілдету шараларын қолға ала бастады. 

«Инфекцияның таралуы мен оның алдын алуға, ауруды тоқтатуға қатысты қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі қалыптасқанға дейін сақтық шараларын жеңілдетуге асыққан мемлекет басшылары жағдайды ушықтырып алулары мүмкін. Әлем өткеннен сабақ ала білуі керек. Пандемия басталғалы 4,5 миллионға тарта адам инфекция жұқтырып, 305 мыңнан астам науқас індеттен көз жұмды», дейді ДДСҰ бас директоры.

Медициналық алғашқы көмек пен сандық технологиялар жаппай денсаулық сақтау қызметімен қамтамасыз етудің тиімді және әділ тәсілі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының онлайн режимде өткен 73 сессиясында қазақстандық делегация қатерлі індетпен күресте медициналық-санитарлық алғашқы көмек, халықты дер кезінде ақпараттандыру және цифрлық технологияларды ендірудің маңызына тоқталды. 

«Ассамблея сессиясының екінші бөлігі 2020 жылдың кейінгі мерзіміне шегерілді. Онда медициналық-санитарлық алғашқы көмек жүйесін ендіру бойынша Астана деклараиясы жаһандық деңгейде қаралатын болады. Еске салайын, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының өткен жылғы 72 сессиясында  медициналық-санитарлық алғашқы көмек саласын жетілдіру бойынша резолюция бірауыздан мақұлданды. Құжатта осы саланы дамыту бойынша қатысушы елдерді астаналық декларацияны негізге алуға шақырылған болатын», деп жазды Елжан Біртанов Facebook жеке парақшасында.

Сондай-ақ еліміздің денсаулық сақтау министрі қазақстандықтарды қорғаныс шаралары мен әлеуметтік  арақашықты сақтауға шақырды.