COVID-19: әлемде 4,7 млн адамда COVID-19 дерегі анықталған

COVID-19: әлемде 4,7 млн адамда COVID-19 дерегі анықталған

Ресми мәліметтер бойынша, үшінші күн қатарынан Ресейде тәулігіне 10 мыңға жуық коронавирус дерегі анықталуда. Бүгінгі күні Ресейдің 85 аймағында індетті жұқтыру оқиғасы тіркелді. Вирусты жұқтыру бойынша ел астанасы  көшбастап тұр. Жалпы қазіргі таңда Ресей Федерациясында 281 752 науқас  COVID-19 шалдыққан. Пандемия басталғалы 2600-ден астам адам қауіпті инфекциядан қайтыс болды. Осыған қарамастан Ресей билігі аурудың таралуы бәсеңдегенін айтып, біртіндеп елді карантиннен шығару туралы шешім қабылдап отыр.

Дональд Трамп: АҚШ-та вирустың таралуы бәсеңдеді

Сондай-ақ, АҚШ-та ауру деңгейінің төмендегені байқалады.

«Жалпы брнеше штатты қоспағанда, Америка Құрама Штаттарында коронавирустың таралуы күрт азая бастаған»,- деп жазды Дональд Трамп Twitter-дегі парақшасында.

АҚШ-та 1 млн 527 науқас COVID-19 індетіне шалдыққан. 90 мың адам қайтыс болды. Жалпы әлемді жайлаған коронавирус инфекциясының таралуы бойынша АҚШ дүниежүзінде көшбастап тұр.

Инфекцияны жұқтыру бойынша ТОП-10 ел

Әлемде инфекцияға шалдыққан адамдар саны бойынша үшінші орында Ұлыбритания тұр. Мұнда COVID-19-дың 245 мың дерегі анықталған. Бразилия төртінші орынға жайғасты. Өткен демалыс күндері бұл ел вирус жұқтыру бойынша Испания мен Италияны басып озды. Соңғы бір тәулікте 15 мыңға жуық адам індетке шалдыққан. 816 адам қайтыс болды. Осыған қарамастан билік өкілдері елде инфекциядан қашып құтылу мүмкін еместігін алға тартып, қатаң карантиндік шаралар енгізуден бас тартып отыр.

Вирусты жұқтыру бойынша ТОП-10 мемлекеттердің  қатарына Франция, Германия, Түркия және Иран да енді.

Экономикасы аз дамыған елдер үшін індетпен күресу қиынға  соғуда

Сонымен қатар сарапшылардың пікірінше экономикасы аз дамыған елдер үшін індетпен күресу қиынға  соғып жатыр. Мысалы жақында Африка континентінде тарай бастаған коронвирус инфекциясы миллиондаған адамдардың өміріне қауіп төндіруде. Сондай-ақ, КВИ дерегінің таралуы үлкен гуманитарлық дағдарысқа әкелуі мүмкін. Ауру адам өліміне әкелмесе де, шекаралардың жабылуы және экономиканың құлдырауы сөзсіз қайғылы салдарға әкеп соғуы  мүмкін.

Сонымен қатар көптеген елдерде адамдар өмірлерін сақтап қалумен күресіп жатса, кей елдер еркін өмір сүру үшін карантин шараларын алып тастау ұшін ереуілге шығуда. Ал Ауғанстан халқы көшелерде нан сұрап, қайыр тілеп жүр. Провинциялардың бірінде тіпті осы негізде қарулы қақтығыс басталды. Тәртіп сақшыларына тас лақтырып, оларға қарсы оқ жаудырып, наразылық білдірушілер губернатордың үйіне баса көктеп  кіруге тырысқан. Салдарынан кем дегенде 6 адам мерт болды.

Айта кетейік, Джонс Хопкинс университетінің соңғы мәліметтеріне  сәйкес әлемде 4,7 млн адамда COVID-19 дерегі анықталған.

 

Фото: rbc.ru