COVID-19: әлем әлдене бастады

COVID-19: әлем әлдене бастады

Әлем елдерінің барлығында карантин талаптары жеңілдетіле бастады. Германияда ірі дүкендер алғашқы сатып алушыларын қабылдауға кіріссе, елдің кей аймақтарында тіпті мейрамханалар да есіктерін айқара ашқан. Франция тұрғындарына далаға рұқсат қағазсыз шығуға мүмкіндік бар. Көшеде серуендеуге, спортпен шұғылдануға да болады. Дүкендер жұмысын қайта жандандырса, мейрамханалар әзірге жабық. Қоғамдық көліктерге жүктемені азайту мақсатында азаматтардың деніне үйлерінен жұмыс істеуді жалғастыру ұсынылды. Кинотеатрлар, казино, бассейндер, фитнес-орталықтар және кемпинг орындары маусым айына дейін ашылмайды. Швейцария мен Бельгияда да 11 мамырда осындай шаралар күшіне енген.

Коронавирустан ең көп зардап шеккен Еуропа елі – Испанияда соңғы екі айда алғаш рет тұрғындарға көшеге шығуға рұқсат етілді. 47 миллион халқы бар ел азаматтарына далада қауіпсіз қашықтықты сақтауға кеңес берілді. Мейрамханалар ашық ауада шектеулі тәртіппен жұмыс істей алады.

Англияда қашықтықтан жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ адамдар кеңселеріне оралды, алайда олардан тазалық және әлеуметтік қашықтықты сақтау талап етіледі. 13 мамырдан бастап отбасы мүшелерімен бірге көшеде серуендеуге және спортпен шұғылдануға рұқсат берілді. Жағалауда немесе саябақтарда тынығуға да жол ашық.

Данияда бөлшек сауда желілері, сауда орталықтары қайта ашылды. Грекияда жұмыскерлердің үштен бір бөлігі жұмыстарына қайта оралды. Бұған қоса, соңғы сыныптардың оқушылары үшін де сабақ мектепте өткізілетін болды.

Чехияда музейлер, галереялар, кинотеатрлар, концерт залдары ашық. Алайда 100 адамнан артық кіруге болмайды. Польшада қонақүйлер мен хостелдер, сауда орталықтарының жұмысы қайта жанданды. 15 мамырдан бастап Балтық елдері өзара шекараларын ашуға келіскен.

Ресейде 12 мамырда жұмыс басталды. Ел халқына үндеу жасаған Владимир Путин сейсенбі күні жұмыс емес күндер кезеңі аяқталатынын жариялады.

АҚШ-тың ең көп зардап шеккен Нью-Йорк штатында кейбір карантиндік шаралар жеңілдетіледі. Жұма күнінен бастап инфекцияны жұқтыру қаупі төмен кәсіпорындар мен кейбір қызметтік орындар жұмыстарын қайда бастайды. Сонымен бірге, теннис корттары мен автомобильдерге арналған кіреберістері бар кинотеатрлар, бағбандар жұмысын жалғастыра алады.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 4,1 млн асты.

 

Фото: bbc.com​