COVID-19: әлемдік тіршілік қайта жандана бастады

COVID-19: әлемдік тіршілік қайта жандана бастады

Әлемде коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантиндік шараларды жеңілдей бастады. 10 наурыздан бастап өзін-өзі оқшаулау режимі басталған Италияда дүйсенбі күні 4,5 млн адам қайта жұмыстарына кірісті. Апеннин түбегінде де эпидемиологиялық жағдай жақсара түскен. Мұнда бір тәулікте 1200 вирусты жұқтырған. Жалпы италиялықтарға саябақтарда серуендеуге, таза ауада спортпен шұғылдануға рұқсат етілді. Дегенмен қоғамдық көлікте бетперде кию міндетті болып табылады.

Ал, Германияда жүздеген мың бала білім ошағына қайта оралды. Бұл бірінші кезекте мектеп бітіруші оқушылар. Сабақ барысында оқушылар қашықтықты сақтап, бір-бірінің қасында отырмауы керек. Роберт Кох институтының мәліметі бойынша, елде 163 мыңнан астам адам коронавирусты жұқтырған. 6692 адам қайтыс болды.

Испанияда шағын дүкендер мен шаштараздар ашылды. Мейрамханалар тағамдарға тапсырыс ала бастады. Дегенмен халық әлі де көшеге шығуға асығар емес. Елде қоғамдық көліктерде қажет қорғаныс маскаларын полиция қызметкерлері де таратып жатыр. Испанияда соңғы бір күн ішінде COVID-19-дан 164 адам қайтыс болды. Бұл - соңғы бір жарым айдағы ең төменгі көрсеткіш.

Португалияда инфекциялар мен өлім-жітім ЕО-ның көптеген елдеріне қарағанда төмен, осыған орай елдің сёрферлері мұхит толқынында жаттығуға бет алды.

«Қандай керемет! Жел бар, ағыс бар, бірақ толқындар кішкентай. Десе де осының өзіне мәзбіз. Осы сәтке жеткеніме қуаныштымын. Мен өзімді қайта туғандай сезініп тұрмын!», - дейді спортшылардың бірі.

Жағажайлар әлі де жабық. Бірақ су спорты түрлерімен айналысатындарға ерекше жағдай жасалды. Ең бастысы – судағы әлеуметтік қашықтық ережелерін бұзбау және 10 адамнан көп жиналмау. Елде толығымен карантин режимін алып тастау кезең-кезеңімен өтуде. Жағдай әр 15 күн сайын бағаланып, әрі қарай шешім қабылданады.

Ал Америка Құрама Штаттарында COVID-19 дерегінің таралуына байланысты жағдай көңіл көншітерлік емес. АҚШ-та эпидемия басталғаннан бері 1 млн 180 мыңнан аса адам вирусты жұқтырған. 69 мыңға жуық  науқас қайтыс болды, 187 мыңнан аса адам cауығып шыққан.

Джонс Хопкинс университетінің соңғы мәліметтеріне сәйкес, әлемде коронавирусты жұқтырғандардың жалпы саны 3 млн 582 мыңнан асқан. Пандемия басталғалы бері 251 мыңнан астам адам қайтыс болып,  1 млн 162  мыңнан астамы сауығып шықты.

 

Фото: interfax.ru