Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артып келеді

Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артып келеді

Теңіз мұнай кен орнында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 120 адамға жетті. Санитарлық-эпедемиологиялық мамандар ондағы қатерлі індет көрсеткішінің күрт өршуін төтенше жағдай талаптарының сақталмауымен байланыстырып отыр. Анықталғандай стационардағы жұмысшылар шектеу шараларын елемеген.

Еске салайық, бұған дейін жұмысшылар карантиндік шараларды жеңілдетуді сұраған болатын. Алайда өтініштері қанағаттандырылмады.

«Олар тұрмыстық жағдайларға қатысты шектеулерді алып тастауды талап етті. Атап айтсақ, жұмысшылар ортақ темекі шегу, тамақтану орындарын ашып, бірге күндерін өткізуге рұқсат беруді сұраған еді. Бұл карантиндік талаптарға сай емес. Сондықтан өтініштері қанағаттандырылмады», – делінген жедел штабтың хабарламасында.

Жалпы елімізде коронавирус індетін жұқтырғандарға қатысты тіркелген деректер тыйылар емес. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда қатерлі індет 3988 адамнан анықталған. Науқастар саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Оңтүстік шаһарда1291 адам коронавирус жұқтырған.  Екінші сатыда Елорда келеді. Бас қалада 700 жағдай тіркелді. Бұл қатерлі тізімнің үштігін 214 тұрғыны дертке шалдыққан Қызылорда өңірі тұйықтайды.

Батыс Қазақстан облысы – 189

Атырау облысы – 184

Ақтөбе облысы – 160

Қарағанды облысы – 159

Жамбыл облысы – 154

Алматы және  Павлодар облыстарында – 150

Түркістан облысы – 141

Ақмола облысы – 100

Маңғыстау облысы – 74

Қостанай облысы – 50

Солтүстік Қазақстан облысы – 30

Шығыс Қазақстан облысы – 29 науқас анықталды.

Коронавирус инфекциясынан айыққандар қатары да артып келеді. Бүгінгі таңда елімізде 1107 науқас індеттен сауығып шыққан. 27 адам инфекция құрбаны атанды.

 

Фото: aa.com.tr