COVID-19: Әлемде 3,5 млн адам вирусты жұқтырған

COVID-19: Әлемде 3,5 млн адам вирусты жұқтырған

Дүниежүзінде коронавирус инфекциясымен күрес жалғасуда. Десе де күн сайын ауруға шалдыққандардың қатары азаяр емес. Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, бүгінде вирус жұқтырғандардың саны 3,5 миллионнан асты. Сонымен қатар қауіпті аурудан 247 мыңнан астам адам қайтыс болды. Бірақ жағымды жаңалықтар бар. Қауіпті індетті жеңіп шыққандар тізімі де толығып келеді. Бүгінгі таңда ауруханалардан 1 миллион 125 мыңнан астам науқас шығарылған.

АҚШ COVID-19-ға вакцины жыл соңына дейін ойлап табады

Қауіпті індетке шалдыққандардың саны бойынша Америка құрама штаттары әлі де көш бастап тұр. Елде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 1 млн 160 мыңға жетті. Дегенмен, Американың кейбір штаттарында оқшаулау режимі жеңілдетіле бастаған. 

Айта кетейік, АҚШ жыл соңына дейін коронавирусқа қарсы вакцина ойлап табуға ниетті екендіктерін мәлімдеді. Бұл туралы, ел президенті өзі хабарлап отыр.

«Біз жыл соңына дейін індетке қарсы вакцина ойлап табамыз деп сеніммен айта аламын. Бүгінгі таңда бұл бағытта аянбай еңбек етіп жатырмыз», - деп сендірді Дональд Трамп Fox news арнасының тікелей эфирінде.  

Испандықтарға таза ауада спортпен шұғылданып, күн батуын тамашалауға рұқста берілді

Испания АҚШ-тан кейін COVID-19 дерегі ең көп тіркелген елдердің екінші сатысында тұр.  Мұнда 217 466 адам инфекцияға шалдыққан. Бұл ел де карантин режимін жеңілдетуді шешкен. Енді испандықтарға белгілі бір уақытта таза ауада спортпен шұғылдануға және серуендеуге рұқсат етілді. Ұзақ уақыт оқшаулау режимінде отырған испандықтар алғаш рет ұзақ уақыт қала көшелерінде серуендеп, күннің батқанын тамашалады. Жақында ел билігі төтенше жағдайды тағы да жеңілдетуге ниетті.

Италияда коронавирустан қайтыс болатындар саны азайып келеді

Үштіктің соңғы сатысын Италия елі тұйықтап тұр. Дегенмен мұнда соңғы уақытта COVID-19 дерегінің тіркелуі азайып, инфекциядан қайтқандар саны бәсеңдеген. Бүгінгі таңда мұнда 210 мыңнан астам COVID-19 жағдайы расталған. Ал індетке шалдыққандар елдер тізімінде әрі қарай Ұлыбритания, Франция және Германия бар.

РФ ахуал: Мишустиннің денсаулығы бір қалыпты

Инфекцияның ең көп таралған елдерінің 7-ші сатысында Ресей Федерациясы тұр. Соңғы мәліметтер бойынша мүнда 134 687 науқас індетке шалдыққан. 1200-ден астамы қайтыс болды. Сонымен қатар ел премьер-министрі Михаил Мишустиннің де COVID-19 жұқтырғаны туралы белгілі болды. Премьер-министрдің баспасөз хатшысының хабарлауынша, Мишустин қазір өзін жақсы сезінеді. Ол құжаттарды қарастырып, әріптестерімен телефон арқылы байланыста екен.

«Михаил Владимирович мамандардың бақылауында. Емдеуді жалғастырады. Жалпы денсаулығы қалыпты деңгейде»,- деді баспасөз хатшысы Борис Беляков.

Дегенмен, Ресейде инфекцияға шалдыққандар мен қайтыс болғандар саны күн санап артып келеді. Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігі  бұған себеп елде карантин режимінің сақталмауы екенін жоққа шығармайды. Ел билігі оқшаулау режимі мен оны бұзғандар үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынып отыр.

 

Фото: gazeta.ru​