Айдос Үкібай – Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі, қабылданатын шешімдер мен нақты қатерлер жайлы

Айдос Үкібай – Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі, қабылданатын шешімдер мен нақты қатерлер жайлы

Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне Қауіпсіздік Кеңесі COVID-19 індетімен күресте қандай жұмыс жүргізіп жатқанын айтып берді.

Өткен аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өткен болатын. Тұңғыш Президент коронавирус пандемиясына байланысты оқиғалардың қалай өрбуі мүмкін екеніне қатысты болжамымен бөлісіп, жұмыстың стратегиялық бағыттарын айқындады.

Айдос Үкібай коронавирусқа қарсы күрес мәселелерін Қауіпсіздік Кеңесі инфекция алғаш таралған Қытай аумағынан әлемдік деңгейге шықпай тұрып-ақ, ақпан айында қарастырылғанын атап өтті. Елді пандемия мен әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайына дайындау шараларын қабылдауға қатысты Үкіметке кеңес берілді.Елбасы баспасөз хатшысының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс мәселеге уақтылы маңыз беріп, жағымсыз салдарды азайтуға мүмкіндік берді.

«Қазіргі уақытта Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Үкіметпен бірге ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысына белсенді түрде тікелей қатысып келеді. Бұл комиссияның жұмысы аясында төтенше жағдай режимі кезінде заңдылықтың сақталуы, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі Қауіпсіздік Кеңесінің ерекше бақылауына алынып отыр. Сонымен қатар заңдылықтың сақталуы, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша құқық қорғау, әскери органдардың және медицина мекемелерінің жұмысын ұйымдастыру да – Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты қызметінің ажырамас бір бөлігі. Өзіңіз білетіндей, 24 сәуір күні Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда коронавирус эпидемиясымен күресудің, экономиканы қалпына келтіру мен елді дағдарыстан кейін дамытудың стратегиялық мәселелері қарастырылған еді»,- деп атап өтті Айдос Үкібай.

Баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, отырыс барысында Елбасы дағдарыстан кейінгі құрылым моделі туралы қазірдің өзінде ойлану керектігін айтып, әлеуметтік-экономикалық даму жолында қалыптан тыс амалдар мен дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыру қажеттігінің маңызын атап өтті. Отырыстың қорытындысы бойынша Үкіметке экономикалық өсімді қалпына келтіру, болашақ экономикасының, қалалар мен ауылдарды, әлеуметтік сала мен қаржы жүйесін дамытудың бағыт-бағдарын айқындаудың Кешенді жоспарын дайындау міндеті жүктелді.

 

Фото: inform.kz​