COVID-19: Әлем елдері коронавирустың екінші толқынынан қауіптенеді

COVID-19: Әлем елдері коронавирустың екінші толқынынан қауіптенеді

Дүниежүзі мемлекеттері коронавирустың екінші толқынынан қауіптенеді. Сондықтан Еуропа билігі екінші толқыннан сақтану шараларын қолға алуды бастау керек деп үн тастады. Ұлыбритания СІМ басшысы Доминик Раабтың айтуынша, елді оқшаулау режимінен шығару әлі ерте, себебі, вирустың тағы да таралу қаупі бар.

«Өткен аптада шектеу шаралары жеңілдетілген Германия елінде коронавирусты жұқтыру оқиғалары көбейген. Германия канцлері Ангела Меркель инфекция жұқтырғандар саны өссе, Германияда қайта карантин режимін енгізу қажет болуы мүмкін екенін айтты», - деді Рааб.

Алайда Ұлыбританияда ахуал жақсара қойған жоқ. Елде пандемия басталғалы COVID-19 індетінен қайтыс болғандар саны 26 мыңнан асты. Бұл жақында хабарланған көрсеткіштен 4 мыңға көп. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, статистикаға медициналық және әлеуметтік мекемелерде, сондай-ақ, өз үйлерінде 2 наурыздан 28 сәуірге дейін қайтыс болғандар туралы мәліметтер енгізілген.

Апеннин түбегінде керісінше эпидемиологиялық жағдай жақсара түскен. Мұнда коронавирус індетін жұқтыру саны азайған. Бір тәулік ішінде 2086 адамда коронавирус анықталды. 323 науқас қайтыс болды. Бұл осы аптадағы өлімнің ең төменгі көрсеткіші. Пандемия басталғалы бері Италияда 27 682 адам COVID-19 құрбаны болды. Коронавируспен күрес жөніндегі комиссия мүшесінің айтуынша, қазір карантиннен шыққан ел эпидемияға дайын.

 «Бізде жасанды өкпе желдеткіші аппараттары бар. Егер вирус қайта белең алатын болса, біз аппарттарды аймақтарға тарата аламыз. Ендігі таңда біз инфекцияның бұдан да күшті толқынына сақадай сай дайынбыз. Денсаулық сақтау жүйесінің ешбірі де аурудың апокалиптикалық ауқымын көтере алмайды. Дегенмен, мұндай жағдай болмайды деп сенеміз»,- дейді коронавируспен күрес жөніндегі комиссияның мүшесі Доменико Аркури.

Францияда соңғы тәулікте COVID-19 вирусынан 427 науқас қайтыс болған. Бірінші наурыздан бастап елде 24 мыңнан аса адам инфекция құрбаны атанған. Соңғы 24 сағат ішінде 1070 науқас ауруханаға жатқызылды. Сонымен қатар, жан сақтау бөліміндегі науқастар саны 180-ге азайды. 11 мамырдан бастап бесінші республика біртіндеп карантин режимінен шыға бастайды деп күтілуде. Дегенмен, елде  муниципалды жұмысшылар үй-үйді аралап, бетперде таратуда. Себебі алдағы уақытта қоғамдық көліктерде  бетперде кию міндеттелетін болады.

Джонс Хопкинс университетінің соңғы мәліметтеріне сәйкес, әлемде коронавирусты жұқтырғандардың жалпы саны 3 млн 200 мың  адамға жуықтады.  Пандемия басталғалы бері 227 мыңнан аса науқас  қайтыс болып, 972  мыңнан астамы сауығып шықты.

 

Фото: interfax.ru