Коронавирус жұқтырған елордалық ерікті ауруды қалай жеңгені жөнінде айтып берді

Коронавирус жұқтырған елордалық ерікті ауруды қалай жеңгені жөнінде айтып берді

«Ең қиыны анамнан алған сынаманың нәтижесін күту болды», дейді Нұр-Сұлтан қаласының еріктісі арнамыздың тілшісіне берген сұхбатында.

25 жасар Диляра қатерлі індетпен күрескен уақыт артта қалғанына шүкіршілік етеді. Коронавирус расталған сәт пен дерттен толықтай айыққанға дейінгі күндер жаныма оңай тиген жоқ деп еске алады елорда тұрғыны.

Инфекцияны жұқтыру

2020 жылдың наурыз айында дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус індеті бойынша пандемия жариялайды. Сол кезде жас қыз әлемде етек жайған аурумен күресте шет қалмай өз үлесін қосуға бел буады. Ниетін жүзеге асыру үшін елдегі стационарлық емдеу мекемелерінің біріне өз еркімен интерн-дәрігердің қызметін атқаруға кіріседі. Араға бірнеше күн салып үйге санитарлық эпедимеологиялық қызмет маманы қоңырау шалады. Дәл осы сәттен Диляраның қалыпты өмірі түбегейлі өзгерді.

- Не себеппен хабарласып тұрғанымды түсінген боларсыз.

– Иә... (Осы сәтте жүрегім қатты соғып, өзімді қоярға жер таппадым)

– Сізден алынған тест сынамасы ауруды растады.

– Рақмет, мен түсіндім.

– Бір сағаттың көлемінде жедел жәрдем келеді. Дайын отырыңыз.

– Жарайды. (Бұл сәтте көзім қарауытып, жүрегімнің соғысынан басқа еш нәрсені естімейтіндей халде болдым.)

Басқа да сұрақтар қойылды.

– Сізбен бірге кім тұрады?

 – Анам (Осы кезде бір ғана ой мазалады. Неге анамды қатерге төндіріп, еріктілер қызметіне бардым?  62 жастағы анам созылмалы дерттермен жиі ауырады. Сондықтан қауіпті топқа тіркелген. Неге оны ойламадым деп, өзімді кінәлай бастадым.)

Алайда бар амалым заттарымды жинап, дәрігерлерді күту болды дейді Диляра. Айтқандарындай жедел жәрдем келіп, үйге арнайы қорғаныш киімдерімен дәрігерлер кірді. Осылайша қызы мен анасы бір бірінен оқшауланып, үш аптаға жуық емделді.

Қатерлі індетпен күрескен 18 күн.

Диляраны жедел жәрдем Нұр-Сұлтан қаласының 40-шы станциядағы туберкулезге қарсы күрес диспансеріне жеткізді. Дәрігерлер 14 күн жүргізіледі деген емдік шаралар аттай 18 күнге созылды.

«Әдеттегі өмірде күндердің зымырап өтетінін айтатынмын. Ал ауруханадағы күндер мүлдем өтпей қойды. Әр күн бірін-бірі қайталайды. Қоғамнан шеттетілдім. Оқшаулауда мүлдем танымайтын бейтаныс адамдар. Бірер күнде бәрі оңалып, қалыпты өмірге қайта ораламын деген үмітпен өзімді қайта-қайта жігерлендіріп отыруға тырыстым», - дейді Диляра 

Күнделікті ем-дом шараларына дене қызуын өлшеу мен имундық жүйені жақсарту үшін АИВ инфекциясымен күресте пайдаланылатын препараттар да қолданылған. Жалпы ауру белгілерін Диляра қатерлі індет анықталмай тұрып  сезе бастағанын айтады.

«Бір күні иістерді сезуім төмендеп бара жатқанын аңғардым. Әдетте хош иістерді жақсы сезетінмін. Кейін бірте-бірте даусым отыра бастағанын байқадым. Әлсіздік белгілері пайда болды. Шаршағандықтан болар деп түйіп, жатып, демалдым. Оянғанымда әлгі белгілердің ушығып бара жатқанын  сездім. Содан кейін тест нәтижесі хабарланған қоңырау шалынды», - дейді Диляра.

Достары мен туысқандардың қолдауы  

Адамдар инфекция жұқтырған науқастан күдіктенетіні белгілі. Ол түсінікті де. Өздері мен жақындарының денсаулығына алаңдайды Ал мен қиын сәтте достарым мен жақын туыстардың қолдауын жақсы сезіндім дейді, Диляра.

«Мен өмірде көңілімді түсірмей белсенді болуға тырысамын. Әр нәрсенің жақсы жақтарын ойлауға ұмтыламын. Осындай сәттерде өмірдің қызығын ұғынып, жақын адамдардың мейірімін сезесің. Мен үшін қымбат жандарға, жалпы айналамдағы басқа адамдарға жұқтырмасам деп қатты алаңдадым. Осы себептен біраз күйзеліске де  ұшырадым. Дейтұра, мені бәрі қолдап, қоңырау шалып, хал-ахуалымды біліп тұрды. Оқшаулануда жатқан кезде бұл өмірге бекер келмегенімді, басқаларға қажет екенімді түсіндім. Бұл үшін алғысым шексіз. Тіпті көзіме жас алған сәттер болды».

Қатерлі дерттен қорғануға қатысты кеңестері

Дерттен толықтай айығып шыққан Диляра барлық қазақстандықтарға сақтық шараларына құлақ асып, бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауға кеңес береді. Шектеулер мен тыйым шараларын елемеудің арты қиынға соғатынын айтып отыр. Ең бастысы жан саулығы үшін сабырлық сақтаған жөн. Иммундық жүйені жақсартуға мән беру керек дейді, коронавирус инфекциясын бастан өткеріп, жеңіп шыққан отандасымыз.

62 жасар анасынан алынған сынама нәтижесінде коронавирус анықталмады.

Диляра үшін ең үлкен қорқыныш сезімі сейілді. Анасының саулығын естіген қызының қуанышында шек болмады.

«Анама жұқтырдым ба деп қатты алаңдадым. Сондықтан өзімнен алынған тест нәтижесінен бұрын анамның сынамасын күттім. Күдігімнің бекер екенін көрмейінше жаным жай таппады. Инфекцияның қуатталмағанын естіген сәттен бастап, күдігім сейіліп, кең тыныстай бастадым», - дейді Диляра.

Қатерлі дерттен сауығып шыққан қыз үйіне оралып, оқуына кірісті. Кез келген қиындыққа мойымай, жеңіске жетуге болады дейді кейіпкеріміз.

 

Фото: ria.ru