COVID-19: Әлем елдері оқшаулау режимін жеңілдетілуде

COVID-19: Әлем елдері оқшаулау режимін жеңілдетілуде

Еуропада коронавирустан болған өлім-жітім азайып келеді. Сондықтан кей елдер карантин шараларын жұмсарту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ВВС агенттігі хабарлады.

Италия премьер-министрі Джузеппе Конти 4 мамырдан бастап елде кейбір шектеулер ішінара алынып тасталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, тамақтанатын орындар мен мейрамханалар тамақ сата алады, қазір оларға тек үйге тапсырыс беруге рұқсат етілген.

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жедел штабтың хабарлауынша, Италия Премьер-Министрі Джузеппе Конте Италия шектеулі карантин режимін бұдан әрі соза алмайтынын айтқан. Себебі бұдан әрі елдің әлеуметтік-экономикалық құрылымы нашарлауы мүмкін.

Айта кетейік, Италия коронавирустан ең көп зардап шеккен елдердің қатарына кіреді. Елде 26 мыңнан астам адам қайтыс болып, 200 мыңға жуық азамат вирус жұқтырған.

Францияда оқшаулау режимі 11 мамырдан бастап жеңілдетіле бастайды деп күтіліп отыр. Мұнда бір тәулікте 240-тан аса адам инфекциядан қайтыс болған. Және бұл көрсеткіш тұрақты түрде төмендеп келеді.

Испанияда 6 аптаға созылған қатаң карантин режимінен соң балалардың сыртқа шығып ойнауына рұқсат етілді. Енді олар тәулігіне бір сағат далада емін-еркін ойнай алады. Бірақ ойын алаңдары жабық күйде қалады. Жалпы, қазір Испания қатерлі вирустың Еуропадағы негізгі ошағы саналады. Індет тарағалы бері бұл елде 226 мыңдай адам инфекцияға шалдығып, 23 мыңнан астам азамат қайтыс болды.

Ал, Германия тұрғындары бүгіннен бастап маска тағуға міндеттеледі. Яғни әрбір азамат дүкенге бару үшін не болмаса қоғамдық көлікпен жүргенде міндетті түрде бетперде тағуы тиіс. Жалпы, Германия елі Еуропадағы өзге елдерге қарағанда коронавируспен сәтті күресіп келеді. Соңғы дерек бойынша, бүгінде бұл елде 6 мыңдай азамат қайтыс болды. Бұл – Ұлыбритания, Франция, Испания және АҚШ елдерімен салыстырғанда бірнеше есе аз.

АҚШ-та  жұма күні елде ауырғандар саны күн санап артқанына қарамастан, карантин шараларын жұмсарту шешілді. Құрама Штаттарда COVID-19 жұқтыру мен одан қайтыс болу жағдайлары әлемнің басқа елдеріне қарағанда көбірек: соңғы мәлімет бойынша 960 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырса, 54,4 мың адам қайтыс болған.

Әлемде коронвирус індетін жұқтырғандардың саны 3 миллионға жуықтады. Қайтыс болғандар саны 207 мыңға жуықтаған. Вирустан 880 мыңға жуық науқас жазылып шыққан.

 

Фото: rbc.ru