Қазақстанда коронавируспен күресте жаңа әдіс қолданыла бастады

Қазақстанда коронавируспен күресте жаңа әдіс қолданыла бастады

Енді індеттен құлан таза айыққан адамдардың иммундық плазмасы ауыр халде жатқан науқастарға беріледі. Сол арқылы жағдайы нашарлаған адамдарды індеттің ілмегінен құтқарып қалу көзделген. Әуелі донорлар екі бірдей сынама тапсырады. Нәтижесі ойдағыдай шықса, бірден тіркеуге алынады.

«Донор тіркеуден өткеннен кейін лаборантқа өтеді. Лабораториялық көрсеткіштер тапсырады. Гемоглобин, қан тобы, резурс фактор және бауыр көрсеткішін тапсырады»,- дейді Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының бөлім меңгерушісі Эльмира Көпеева.

Дәрігерлер ең алдымен донордың қан қысымын, бойы мен салмағын өлшейді. Кейін қан құрамындағы плазманы бөліп алуға мүмкіндік беретін арнайы құрылғыға қосады. Айта кетейік, қазір мұндай әдіс әлемнің бірнеше елінде қолданылып жатыр. Айталық, америкалық дәрігер науқастардың өміріне араша түсемін деп, коронвирус жұқтырып алған. Бірақ кейін сауығып шыққан. Мамандар оның  ағзасынан антиденелердің барын анықтаған.

«Қазір Нью-Йорк қаласындағы қан орталығындамын. Дәрігерлер менен плазма алады. Ол қан құрамындағы сары сұйықтық. Соның ішінде вирусты жеңе алатын антиденелар бар. Оның көмегімен көп адамның өмірін сақтап қалуға болады»,- анестезиолог дәрігер Зэви Хамбургер.

Қауіпті індеттің ошағы саналатын Қытайда да осы әдіс кеңінен қолданылып жатыр. Иммундық плазманың көмегімен біраз науқастың жағдайы жақсарды деп отыр.

«COVID-19 вирусын емдеуде иммундық плазма көп көмегін тигізді. Осы індеттен жазылған науқастар қан тапсырды. Кейін оның құрамында бірнеше антидененің барын анықтадық. Соны тиімді пайдалана білдік»,-дейді ҚХР Денсаулық сақтау саласы бойынша мемлекеттік комитеттің құзырлы өкілі Го Янхун.

Бір адамның бойынан алынған плазма үш науқасты емдеп, жазуға жетеді екен. Бірақ антиденені вакцина деп қабылдауға болмайды. Ол – тек иммунитетті көтеруге, вируспен күресуге қосымша күш беретін табиғи сұйықтық.

«Бір ғана плазманың көмегімен коронавирус жұқтырған адамды емдеп шығу мүмкін емес. Бұл иммунитетті көтеруге, кеселмен күресуге қосымша күш беретін сұйықтық. Сондықтан оны вакцина ретінде қабылдауға болмайды. Егер ауыр хәлде жатқан адамға плазма құйсақ, оның жағдайы біршама жақсарып қалуы мүмкін. Сөйтіп, өлім-жітімді азайтуға болады»,- дейді Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының директоры Сәния Әбдірахманова.

 

Фото: upravafilipark.ru