COVID-19 таралуы бәсеңдеді: бірқатар ел карантин режимін жеңілдетуде

COVID-19 таралуы бәсеңдеді: бірқатар ел карантин режимін жеңілдетуде

Әлемнің бірқатар мемлекетінде карантиндік шаралар жеңілдетіліп, экономика жандана бастады. Шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, мұндай шешім Германияда қабылданды. 20 сәуірден бастап елде шағын бутиктер, автосалондар, кітап және велодүкендер өз жұмысын қайта бастады. Сондай-ақ музейлерді, кітапханалар мен мұрағаттарды қайта ашу жоспарланған. Енді адамдар хайуанаттар бағы мен ботаникалық бақтарға бара алады.  Ал мектеп оқушылары 4 мамырдан бастап оқуын бастайды.

Айта кетейік, Джонс Хопкинс университетінің соңғы мәліметтеріне сәйкес, Германияда коронавирус жұқтырған 150 648 адам тіркелді, 5 315 адам инфекциядан көз жұмған.

Францияда да карантиндік шектеулер жеңілдетілді. Мысалы, Жаңа Каледонияда 4 мамырда карантин толықтай аяқталады. Тұрғындарға профилактикалық  шараларды сақтай отырып, балық аулауға, аңға шығуға және спортпен айналысуға рұқсат етілді. Елде COVID-19 диагнозы 157 мың адамда расталған, 21 мыңнан астам азамат көз жұмды.

Коронавирустың таралуы белең алған Испания, Италия және Австрия елдерінде де карантиндік шаралар жеңілдетілмек.

Euronews-дің ақпаратына сәйкес, Италияда кеңсе заттарын, жаңа туған сәбилерге арналған тауарлар сататын дүкендер қайта ашылады. Бүгінде елде 187 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырса, 25 мың адам дерттен қайтыс болған.

Ал Испанияда 3 миллион адам жұмысқа шықты. Сарапшылардың айтуынша, елде коронавирусты жұқтыру жағдайлары азайып келеді. 208 мың адамда КВИ анықталса, 21 мыңнан астам адам көз жұмды.

Австрияда да шектеулер алынады. Елде шағын дүкендер ашылды. Бірақ шекаралар қыркүйек айына дейін жабық болады.

Айта кетейік, Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирусты жұқтырғандардың жалпы саны 2 627 630 асты, олардың 183 мыңнан астамы көз жұмды.

Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны бойынша АҚШ бірінші орында. Бұл елде 841 556 адам қауіпті вируспен ауырады. Одан кейін Испания, Италия, Франция, Германия, Ұлыбритания, Бельгия, Канада, Нидерланд және басқа да елдер тұр.

Жалпы, COVID-19 әлемнің 200 мемлекетінде тіркелген.

 

Фото: svoboda.org​