Вакцина туралы шындық: Қытайдағы сынаққа қатысқан ерікті өзін қалай сезінуде?

Вакцина туралы шындық: Қытайдағы сынаққа қатысқан ерікті өзін қалай сезінуде?

Қытайда COVID-19-ға қарсы үш вакцинаның клиникалық сынағы жүріп жатыр. Сәуір айының басында оның бірінші кезеңі аяқталды. Оған Уханьнан 108 ерікті қатысты. Дәріні сынап көргендердің бірі – марафоншы Жэнь Чао. Ол вакциянацияға еріктілерді жинау туралы хабарламаны көре салысымен, бір минут та ойланбастам келісім бергенін айтады. Осылайша, туған қаласы мен Отанына қолынан келетін көмегін жасағысы келген.

Спортшы оқшаулағышта өткізген екі аптаның ішінде вакцинаның ешқандай теріс әсерін сезінбеген. Әлеуметтік желілерде екпенің зияны туралы қорқынышты роликтерді көрген соң жеке блог жүргізуді шешкен.

«Ол роликтер қорқынышты музыкамен беріліп жатты. Онда вакцина алған еріктілердің басы айналып, ауыратыны, қатты әлсірейтіні туралы айтылған. Бүгінде ол волонтерлердің бәрі дін аман. Әрине, ондай роликті көрген адамдардың қорқатыны анық. Пандемия өршіп тұрған сәтте одан бетер алаңдайды. Сондықтан шындықты айту керек деп шештім», - дейді Жэнь Чао.

Вакцинаның адамға клиникалық сынағының қатысушысы қазір Ухань университетінің күзет қызметіндегі жұмысын жалғастыруда. Тек бір өкінетіні, коронавирус кесірінен жаттығу өткізу мүмкіндігі жоқ. 12 сәуірге белгіленген марафон да өтпей қалды. Алайда марафоншының қауіпті инфекцияны жеңетін күн алыс емес екеніне сенімі зор.