COVID-19 әлемде: Халық карантинге қарсы митингке шыға бастады

COVID-19 әлемде: Халық карантинге қарсы митингке шыға бастады

Әлемде коронавирустың таралуы басылар емес. COVID-19 жұқтырғандар саны 2,5 миллионға жетті. Көптеген мемлекеттерде карантин енгізілгеніне қарамастан науқастар саны күннен күнге артып келеді.

Бүгінде ауру жұқтырғандар мен одан көз жұмғандар көрсеткіші бойынша АҚШ көш бастап тұр. COVID-19 жұқтырғандар саны 800 мыңға жуық, 41 мыңнан астамы көз жұмған. Ал ел халқы болса, пандемиямен күресу үшін жарияланған карантиндік шаралардан шаршады. Американың кейбір штатында тұрғындар оқшаулау режимін жеңілдетуді талап етуде. Олар жұмысқа шығуға дайын. Мысалы, Вашингтонда 2,5 мыңға жуық адам Капитолий ғимаратының жанына митингке шықты. Наразылық білдірушілер өз көліктерімен бүкіл штаттан келген. Олар парламент ғимаратының жанындағы орталық көшені басып алды. Айта кетейік, осындай митингтер бұған дейін Мичиган, Кентукки және Юта штаттарында өткен болатын. Оқшаулауды талап етушілер коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар санының күрт өсіп жатқанынан да қорықпайды.

САУАЛНАМА:

 - Жергілікті билік бұл шешімдерімен экономикаға шығын келтіріп отыр. Вашингтон штатында барлық дерлік кәсіпорындар жабық. Өкінішті.

- Бәріміз үйқамақта отырған сияқтымыз. Неге жұмысқа баруға болмайды? Маска мен қолғап киіп, ара қашықтықты және барлық барлық қорғану шараларын сақтап, істеуге болады ғой.

 - Ең бастысы, күшті иммундық жүйе болса, ауырмайсың. Мен дұрыс тамақтанамын, дәрумендер ішіп, өз-өзімді күтемін. Жұмысқа бару үшін еркіндік болғанын қалаймын.

 

Бразилия халқы да Жоғарғы сот пен Конгресске қарсы шығып, наразылықтарын білдіруде. Олардың пікірінше, бұл институттар мемлекет ұсынған шектеулерді қолдады.

Айта кетейік, мұндай ереуілдер әлемнің өзге елдерінде де орын алуда. Көршілес Ресей мемлекетінде де Солтүстік Осетия тұрғындары карантинге қарсылық танытуда.

Ал коронавирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде екінші орынға тұрақтаған Испания халқы оқшаулауды қатаң сақтап отыр. Бұл оң нәтиже беруде: соңғы тәулікте індеттен көз жұмғандар саны бір айдағы ең төмен көрсеткішті құраған. Reuters-тің мәліметінше, Испанияда 24 сағатта вирустан 410 адам қайтыс болған. Бұл 2 сәуірдегі жағдайға қарағанда 2 есеге аз. Ал пандемия басталғалы, коронавирус жұқтыру жағдайлары 200 мыңнан асқан. Айта кетейік, Испания күн сайын инфекцияны анықтау мақсатында 40 мыңға жуық тест жасайды. Бұл Еуропа елдерінің ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.

Айта кетейік, Еуропада 1,12 млн адам коронавирус жұқтырған. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, Италияда – індет 180 мыңнан астам адамда анықталды. Францияда 156 мыңнан аса жағдай тіркелді. Бесінші орында- Германия. Бұл елде 147 мыңнан астам адамда COVID-19 расталды.

Ал індет ошағы Қытайда коронавирус жұқтырған 84 200 адам анықталды. Тәулік ішінде 11 адамға коронавирус диагнозы қойылды. Бірақ қайтыс болғандар жоқ.

Айта кетейік, әзірге вирусқа қарсы вакцина табылған жоқ. Дүниежүзінде 30-дан астам зертхана оны әзірлеуге тырысуда.

 

Фото: dw.com